Жантікей ауылының тұрғындары шабындық жерінің жылжып кеткендігіне наразы

787
көрілім
Шартты фотосурет

Облыс орталығынан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан Жантікей ауылынан арнайы атізін салып, газет редакциясына жүгінген Жұмабай Аянбаев есімді ақсақал осы уақытқа дейін аудандық жер қатынастары бөліміндегілердің тұщымды жауап айтпағандарын алға тартты. Тарбағатай ауданына қарасты ауылда осы тақылеттес жайт бірінші рет болып тұрған жоқ. Тұрғындар соншама жыл пайдаланып келе жатқан жер телімдерінің аяқ асты жылжытылып кететіндігіне аң-таң.

«Ым-жымдары бір сияқты»

Биыл қысқы мал азығын жеткізу мен шөп жинау науқанын шығысқазақстандықтар түрліше қабылдады. Жылда шөбі шүйгін шығатын алқап иелері үшін биылғы қуаңшылықтың қысымы онша қатты білінбесе де, техникасы жоқтар әркімге бір жолығып, жоқтан бар жасап, амалдап бақты. Тоғыз және он екі тонналық тіркемелердің бағасы да әралуан. Айталық, былтыр 35-40 мың теңгеге бағаланған мөлшер биыл 70-100 мың теңгеге дейін шарықтады. Сол 100 мың теңге Тарбағатай ауданын қамтыған көрінеді. Редакцияға келіп мәселесін алға тартқан ақсақал болғанымен жер ұлы Сәкен Аянбаевтың меншігінде. Олардың айтуларынша, шабындық жер телімі 1995 жылдан бері кадастрлық нөмірімен тайға таңба басылғандай етіп бекітілген. Алайда биыл ойда-жоқта әлдеқандай конкурс жарияланып, соның нәтижесіне аталған учаске Сәтпаев ауылының тұрғыны Дулат Әкімбаевқа бұйырған. «Қалайша?» деген сауал лезде саналарын жаулап, аудандық жер қатынастары бөліміндегілерге дүркін-дүркін жүгінеді. Өкініштісі сол, қазіргі жер телімінің неліктен өзгенің еншісіне кеткендігін, заң бойынша 49 жыл пайдалану құқығы бар екенін басшылыққа алып, 1995 жылы картаға түсірілген құжатты да сұрапты.

– Жылда шауып жүрген жеріміз өзімізге мүлде таңсық конкурсқа өтіп, Сәтпаев ауылындағы шаруагерге беріліпті, – дейді жантікейліктер. – Әлі 20 жылдан астам уақыт пайдалану құқығымыз бар. Мынаны айтқымыз келеді: ауыл шаруашылығы мен аудандық кадастр бөліміндегілер өзара ым-жымдарын бір қылып, құжат жүзінде маған тиесілі бөлікті басқа біреуге алып берді. Сәтпаев елдімекені тұрғынының өзіне жеткілікті шабындығы бар, оған қоса конкурс негізінде менікін де заңдастырған.

Бұл бірінші жағдай емес

«Жер дауы нақты кіммен болды?» дегенімізде көрші ауылдағы мал асырап, шаруашылығын дөңгелетіп отырған жанның есімін атады. Тоқсанның екеуін толтыруға шақ қалған қария әкімдік тарапынан басқа аумақтан жер телімі берілсе де, ауыстырмақ еместігін баса айтты. Сөзінше, әкімдік пен жер қатынастары бөліміндегілердің кенеттен араласуынан осындай жайт алғаш рет болып отырған жоқ. Жантікейліктер арыз жазып, дабыл қақса да соңында басқа бір аумақтағы учаскені місе тұтқан көрінеді. Ал аудан басшылығының айтуынша, ешқандай заңнан аттау тіркелмеген, бар болғаны Сәтпаев ауылындағы жер учаскесі Аянбаевтартың шабындығымен жапсарлас. Әкімнің орынбасары Қайрат Мауадинов жеткізгендей, Сәкен Жұмабайұлы пайдаланып келе жатқан аумақ Ырғызбай ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімі қатарында.

– Дулат Әкімбаевтың конкурстық негізде алған учаске Сәтпаев ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімі. Тарбағатай ауданы әкімдігінің 30.09.2009 жылғы №352 санды қаулысы негізінде Сәкен Аянбаевқа жалпы алаңы 100 гектар жайылымдық жер телімі 49 жылға жалға беріліп, бүгінде №05-078-041-099 кадастрлық нөмірімен тіркелген. Жоғарыда көрсетілген аудан әкімдігінің қаулысы жойылған жоқ, әрі пайдалану құқығы да тоқтатылмаған, – деді Қайрат Мауадинов.

Бұған қоса, ешқандай да түсініспеушілік орын алмаған. Аудан атқамінерлері Жантікей ауылы тұрғындарының шабындық жері еш жылжытылмай, қандай да конкурсқа түспегендігін мәлімдеді.

Қолға түспеген құжат

Осы тұста қос тарап пікірінің екіге жарылғанын байқаймыз. Неге десеңіздер, Жұмабай Аянбаев осыдан 26 жыл бұрынғы жер картасын қазіргі учаскемен салыстырып, шындыққа бойлау үшін аудандық жер қатынастары бөліміндегілерге бірнеше мәрте жүгінгендерінде ол жақтағылар сол құжатты ұсынбаған екен. Яғни 1995 жылғы картаны жоғалтып алған немесе мақсатты түрде жер иесіне беруден бас тартты.

– Бастапқыда бірыңғай жайылымдық жер болатын, арада жылдар өткенде бес гектарын шабындық мақсатында пайдалана бастады. Жылына 30 тіркеме шөп алатынмын, – деді 90-нан асқан қария. – Шабындығымыз Жантікей ауылынан сегіз шақырым жерде орналасқан. Мұның артында аудандық жер қатынастары және кадастр бөлімінің басшылары тұр.

Түсінік жұмыстары жүргізілген

Осылай деген қария соншама жыл пайдаланып келе жатқан жер телімін толықтай өздерінде қалдыру үшін шілде айының 22-нен күні бүгінге дейін аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырғанын жеткізді. Ал жергілікті басшылық өкілдері жантікейлік шаруагерлердің аталған бөлімдерге картаға түскен құжаттарды сұрап, ешқандай арыз, өтініш түспегендігін мәлімдеді. Оған қоса, тамыз айының 26-сы күні сөз етіліп отырған шабындық басына аудан әкімінің орынбасары Қ.Мауадинов, аудандық прокуратураның прокуроры Р.Төлегенов, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Ахметов және тағы бірнеше бөлім басшылары және жер телімінің иесі Сәкен Аянбаевтың қатысуымен анықтау жұмыстары жүргізілген. Мәлім болған жайт, араға 26 жыл салып, шөбі шүйгін шабындығының таразыға түскен сәтінде әкімдіктің ресми жауабын білу мүмкін болмаған. Аянбаевтар аудан әкімдігіне кіре алмапты. Аудан басшылығының ұсынған жауабы: қос жер телімі шекаралас орналасып, Сәкен Аянбаев аталған иеліктегі учаскенің шекарасын нақтылап қақтырмай, жапсарлас орналасқан Дулат Әкімбаевқа тиесілі аумақтың бір бөлігін қателесіп пайданалып келген.

Жылда сол жерге барып, шөбін шауып жүрген азаматтың кенеттен шатасып кетуі көңілге күдік ұялатады. Десе де бұл жағы жантікейлік шаруагерге түсіндірілген екен.

– Сәкен Жұмабайұлы жері телімінің шекарасы лицензиясы бар тұлғалар арқылы нақтыланып, қазықтары қағылып, пайдаланатын жер телімінің межелері көрсетілгенін хабарлаймын, – деді Қайрат Мұратқазыұлы.

Жауапты тұлғалардың 1995 жылғы жер картасын не себепті ұсынбағаны беймәлім, анығы сол, осыған дейін пайдаланып келген шабындық учаскесі ешкімнің иелігіне кетпеген. Жантікей ауылының шаруагерлеріне тиісті мамандарға жүгініп, қазықтарын қайта қақтырып алса құба-құп.

Әділхан ЕСІМХАНОВ