Жаны жайсаң абзал жан

793
көрілім

Ақ халатты абзал жандар, ақ жандар,

Көңілдері әппақ қардай, пәк жандар.

Ажалменен айқасқанда қаймықпай,

Маңдайынан төгіледі маржандар ,- деп жырлағанымыздай, адам өмірі үшін, оның темірдей мықты денаулығы үшін бар уақытын сарп ететін ақ халатты абзал жандардың мерекесі де келіп жетті.

Жаратушыдан кейінгі жаратылысы бөлек, адам жанының емшісі - дәрігерлер қауымы. Бар жылулықпен, мейірімділікті бойларына жинап талмай тынбай еңбек ететін, барша адам өмірін сақтаушы абзал жандар.

Сондай ізгі жандардың бірі - Зайсан аудандық орталық аурухананың дәрігері Шыңғыс Төкенұлы.

Жастайынан оның бала арманы ақ халат иесі болу еді. Асыл арманы алға жетелеген бозбала жігіт 2007 жылы Семей медициналық университетіне оқуға түсіп, жеті жыл білім алды. Одан әрі Алматы қаласында эндоскопия бөлімінде жарты жылдай оқып шығып, кейіннен Зайсан аудандық орталық ауруханасына жұмысқа келеді. Содан бері қаншама ауруы жанына батқан жандарға араша болып, талай адамның алғысын арқалап келеді. Ол осы уақытқа дейін бес мыңға жуық науқасқа қызмет көрсеткен. Асқазан, тоқ ішек, тік ішектегі ауруларды отасыз диагностикалық жолмен емдеу әдісін қалыптастырған. Бір қуантарлығы, Шыңғыс Төкенұлы асқазандағы, өңештегі, он екі ішектегі бөгде заттарды эндоскопиялық жолмен отасыз кеспей, тілмей алып шығуды жетік меңгерген маман. Ол қызмет етіп отырған бөлім заман талабына сай барлық құрылғылармен жабдықталған.

Шыңғыс мырза жұмыс барысында түрлі оқиғаларға тап болғанын, соның ішінде көктем айында байқаусызда тамақтанып отырған апайымыз сүйек жұтып қойып алдына келгенін, осы жағдайда ол ешқандай отасыз, ешбір зиянсыз алдына келген апайымыздың асқазанындағы сүйекті алып бергенін, қазір ол кісінің денсаулық жағдайы өте жақсы екенін айтты. Бұның бәрі әрине, Шыңғыс Төкенұлының өз мамандығына деген адалдығы мен шексіз сүйіспеншілігін білдіреді. Шыңғыспен бірге халыққа мінсіз қызмет етіп жүрген медбикелері Индира Нұрмұханбет, Еңлік Тәттімбекова апайларымыздың да еңбегі орасан.

Науқастарға адал қызмет етіп жүрген Шыңғыс Төкенұлы отбасында ардақты жар, аяулы үш баланың әкесі.

Медицина қызметкерлері күні барлық ақ халат иелерін шын жүректен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейміз.

 

Еркежан Бақытбекова,

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының 3-курс студенті.