Облыс орталығында әйелдер арасында өткен волейболдан Азия чемпионатында ел намысын қорғаған «Алтай» волейбол клубы жартылай финалда сүрінді. Қарқыны қатты жапондықтармен бақ сынасқан спортшыларымыз 0-3 есебімен жеңіліс тапты.
9 мемлекеттің чемпиондары тартысқа түскен дүбірлі доданың топтық кезеңінде «Алтай» волейбол клубы Иран және тайбэй спортшыларымен кездесті. Алғашқы бәсекеде алтайлықтар Иран қыздарынан 3-0 есебімен басым түсті. Екінші ойында тайбэй волейболшыларын жеңіп (3-1) өз тобында көш бастады. Осыдан кейін вьетнамдық ««VTV Бин Дьен Лонг Ан» командасынан 3-0 есібімен ұтқан жерлестеріміз жеңіліс көрмей келе жатқан Жапониямен кездесті. Жартылай финалда «Алтай» спортшылары топтық кезеңде өткен жылғы Азия чемпионы тайландтық «Суприм» волейболшыларын тізе бүктірген жапондықтардың екпініне шыдас бере алмады. Есеп 0-3 жапон қыздарының пайдасында.
Енді Алтай волейбол клубы үшінші орын үшін Қытай қыздарымен кездеседі. Ал чемпиондық атақты Тайланд пен Жапония волейбол командалары тартысқа салмақ.
Талғатжан МҰХАМЕТБЕКҰЛЫ