Жаны ышқынып, сырқаты әбден меңдеген азамат үшінші күні өмір қылы үзіліп, бақиға аттанды. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» демекші, соңынан қалған жары мен бала-шағасы беймаза шақтың пердесін ашып, бұла тірлікке көндіккен. Өткен жылдың тамыз айы Саянгүл Қалқашеваның ғұмырын бір-ақ сәтте астан-кестен етті. Жұбайы көз жұмғалы үйінде омалып, кішкентайларының күтімімен отырған. Ал қазір ұшырасқан мәселесі марқұм ерінің атындағы үйді өз атына аударудағы келеңсіз сәттер.
Қайдасың, интернет?..
– Сәлеметсіз, редакция ма?
– Иә, сізді тыңдап тұрмын.
– Жарма ауданы, … ауылынан хабарласып тұрмын. Алты ай бұрын жұбайым өмірден өткен еді, соның…
– Қай ауыл дейсіз?
– Әди ауылынан… Жолдасымның өмірден озуына байланысты баспананы өз атымызға аударайық деп едік, мүмкін болмай жатыр.
– Не себепті? Алло! Дауысыңыз естілмейді…
Байланыс үзіліп кетті. Арада екі күн өткенде, дәлірек айтқанда наурыз айының 3-і күні түс ауа бейтаныс нөмір қайта хабарласты. Әйтеуір оқырман өтінішін толыққанды тыңдаудың сәті түсті, артынша аудан басшылығына сұраухат жіберуге оқталдық. Жағдай барысы айқындалып қалса да, әлдене Әди ауылына баруға түртпектеп тұрды. Бір жағынан байланыс желісінің мұншалықты мүшкіл халі де көңілге күдік ұялатты. Кімге болса да ойындағысын жеткізу үшін тау-тас пен дөң-жотаны кезіп кетудің қыстың көзі қырауда қолайсыз екені анық. Ал көпбалалы ана, оның ішінде ең кенжесі бір жастағы жанның үйінен ұзап шыға алмайтынын ескерсек, аудан басшылығының бұған мән беруі орынды әрекет болар еді.
Ауылға кіреберісте орналасқан үйдің сырты жұпыны көрінгенімен іші балалардың тәтті қылығы мен күлкісіне толы. Әсіресе, Айарудың езу тартқаны анасының қабарған қабағын лезде жадыратып жіберердей.
Тұңғышы Аяжан мен кенжесі Айару
«Үй менікі, ақша сенікі»
Алтын құрсақты анамен амандық сұрасқан соң оқиға барысына тағы бір оралдық. Саянгүл Қалқашеваның айтуынша, өгізаяңға созылған мәселе – марқұм жолдасына тиесілі үйді өз атына аударып, зейнетақы жинағындағы қаражатты ресімдеу. Алдымен Қаратөбе ауылдық округінің әкіміне жүгінген. Жауапты тұлға марқұм жолдасының туысқандары жылжымайтын мүлікке қатысты еш қарсылық білдірмегендіктерін айтқан. Дегенмен іске келгенде нақты қадамдар әлі жасалмады.
– Ақпан айының 24-і күні округ әкімдігіне бардық. Бірақ ол жақтағылар жұбайымның інісінен үйден бас тарттық немесе үлеске кірдік деген қағаз алмапты. Қайныма қажет қағаздарды менен беріп жіберген, бірақ олар алмай тұр, – деді Саянгүл Амангелдіқызы.
Үйді бөліске салып, қағаз жұмысын біржақты ету өткен жылдың қыркүйек айында басталды. Күздің бір күні марқұмның туыстарының бірімен жолығып, баспана мәселесін тағы бір талқыға салған.
– «Үй маған қалсын, алып берген мен ғой. Ал сен зейнетақы қорындағы ақшаны ал» деген ұсыныс айтты. Әперген екен, бірақ қайтарып беру туралы ешқандай қағазға қол қоймадық, – деді көпбалалы ана.
Ой құсын алысқа ұшырудың қажеті жоқ, егер кейіпкеріміз үйден бас тартса алты баламен далада қалудың аз-ақ алдында тұр. Бәлкім, туыстар арасынан ала мысық жүгіріп өткен болуы мүмкін, түйткілдің тезірек шешілуіне осы жағы да себепші шығар. Тұрмыстағы қиындықтар мен ойды сан-саққа жіберетін сәттер жөпелдемеде шешім қабылдауға ырық бермейді.
Заңгер не дейді?
Кедергісіз қадамдар жасайын десе Заңнаманың кейбір қалтарыс-бұлтарысы етектен тартады. Саянгүл Қалқашеваның бес баласы әлі кәмелетке толмаған, тек тұңғышы Аяжан ғана 18-де. Толығырақ кестеде:
№ |
Аты-жөні |
Туған жылы |
1 |
Аяжан Серікқызы |
2003 жыл |
2 |
Санжар Қасен |
2005 жыл |
3 |
Ақжан Серік |
2009 жыл |
4 |
Жан Серікұлы |
2014 жыл |
5 |
Аяла Серікқызы |
2015 жыл |
6 |
Айару Серікқызы |
2020 жыл |
– Осы жағы қалай реттеледі екен? Сонда марқұм жолдасымның туысқандарына үш бөлмелі үйдің бір бөлмесі тиесілі ме? Егер келіссе, бағасын анықтап, үйдегі бір ірі қараны беруге әзірмін, – деді тұрғын.
Бір отбасының абыройын төгіп, біріне жақтас болу емес, күрмеуі түйіншектелген тұстарын тарқату үшін арагідік жеке басқа қатысты сөйлемдер де жазылды. Саянгүл Амангелдіқызының алты баласы да марқұм жұбайынан екенін ескерсек, баспанаға ие болу құқығы басым болатынын айта кеткен жөн. Мұны заңгер де растады.
– Өтініш беруші марқұм өмірден өткен соң алты ай ішінде нотариуске жүгінуі керек. Мерзімі асып кетсе сот арқылы шешеді. Негізі үй жұбайының атында болса, онда оған бірінші кезекте заңды некедегі жары мен балалары үміткер атанады. Балаларының кәмелетке толу-толмауы маңызды емес. Егер үйді өз атына ресімдеп алса, әрі қарай бөлмелерді туыстарының атына аударып, бөліп беруге құқылы, – деді заңгер Анар Шалдырбаева.
Кейіпкеріміздің қайнысының баспанадан үмітті болуының себебі бар. Үйлі болған шағында қазіргі баспананы сол азамат алып берген көрінеді. Демек, екі жақ осыған келгенде келісімнің ауылынан алыстап кетіп отыр. Бұған қатысты Жарма ауданының әкімдігі де жауап берді. Жалғызілікті ана ауылдық округ басшылығына ғана барғаннан болар, әкімнің орынбасары Айдар Ибраев аталған мәселе бойынша жүгінбегендігін алға тартты. Олардың ойы да заңгер пікірімен үндес.
Кезекке тұруға кедергі жоқ
Қайтыс болған адамның мұрасына ие болуда марқұмның туысқандары қарсылық танытса, алдымен нотариуске баруы тиіс, әрі қарай 1061, 1064-баптарда көрсетілгендей туыстар өзара шешулері қажет дейді.
– Мүлікті бөлу кезінде мұрагерлер арасындағы үлесті сот немесе нотариус белгілейді. Заңда көпбалалы отбасыларға мұраны ресімдеу кезінде жеңілдіктер қарастырылмаған. Жалпы, Саянгүл Қалқашеваға көпбалалы ана ретінде 61383 теңге мемлекеттік жәрдемақы, асыраушысынан айырылу бойынша 115210 теңге төленеді, – деді Айдар Ибраев. – Өтініш иесі қазір бала күтімінде.
Құжат жағын тезірек реттесе, үйдің де, зейнетақы қорындағы қаражаттың да оң шешімі күтіледі. Дегенмен қазір тиісті құжаттар жинап жүрген болашақ «Күміс алқа» иесіне баспана кезегіне тұруға да еш кедергі жоқ. Тек ер жетіп, есейіп қалған ұл-қыздары Айаруға бас-көз болып отырса, бір күнді арнап Қалбатауға атізін салғаны жөн. Осыған дейін тіркелуге мүмкіндігі болмаған. Оған себеп – жұбайының көз жұмғанына биыл ақпан айының 22-сі күні ғана алты ай толды.
Әкімдік әлеуметтік көмек жайлы
Шоғы сөніп, қызуы қайтып бара жатқан өмірінің оңалар сәті де көкжиектен қол бұлғайтындай. Анасы жоқта үйдің тірлігін ұршықша иіретін Санжар мен Ақжан да ат жалын тартып мінуге әлдеқашан жараған. Әсіресе, ауылдастары Санжарға жиі жүгінеді. Осы уақытта Семейдегі радиотехника және байланыс колледжінде оқып жатыр. Асау тайлардың екпінін басып, қылқұйрықтыны әп-сәтте үйрететін дағдысы бозбаланы қыстай аттан түсірмейді. Жаз болса сұраныс түскен үйлердің мал кезегін жайып, жазық пен дөңесте желдей еседі. Бір ғана жайт, туысқандар арасындағы баспана бөлісі.
– Нотариустегілер «Марқұм жолдасыңыздың тарапынан үш айда ешкім келмесе, зейнетақы қорындағы ақша автоматты түрде сіздің атыңызға аударылады» деді. Сонша мерзім күтіп отырған да тиімсіз сияқты, – деді Саянгүл Амангелдіқызы. Жұбайымның жылдығы да таяп келеді. Бала-шағамның ас-суы бар дегендей.
Аудан әкімдігі алып қосқан дүние әлеуметтік көмек жайлы мәлімет. Соған сәйкес Жарма аудандық мәслихатының 2020 жылдың 30-желтоқсанындағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешімі негізінде өтініш беруші әлеуметтік көмек алу үшін өзі немесе отбасы атынан қала, кент немесе ауылдық округ әкіміне мынадай құжаттарды:
-
Жеке басын куәландыратын құжатпен;
-
Отбасы мүшелерінің табыстары туралы мәліметпен;
-
Өмірде қиын жағдай туындағанын растайтын актімен немесе құжатпен өтініш береді.
– Жоғарыдағы мәліметтерді ескере келе Саянгүл Қалқашеваға әлеуметтік көмекке өтініш беру үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, Қалбатау ауылы, Мұсылманқұлова көшесі, 70 көшесі немесе Қаратөбе ауылдық округіне тиісті құжаттармен жүгіне алады, – деді аудан әкімдігіндегілер.
***
Талайлы ғұмырында түрлі сынаққа тап болған жанның күрделі жайттардың шырмауынан шығудың осындай бірнеше жолы қалыптасты. Жанарынан жылылық байқалған ананың баспанадан жүдеп жүргенін құзырлы мекеме өкілдері де заң негізінде жазбай таниды деген сенімдеміз. Қар сөгілуге шақ қалды, тоңын жібіте қоймаған қыс лебі кейіпкеріміздің бар қиындығын өзімен қамтып әкетер.
Әділхан ЕСІМХАНОВ