Жарма ауданында бокс бапкерлері арасында шағын футболдан сайыс өтті

9119
көрілім

Аудан орталығы Қалбатау ауылында өткен жарыста жаттықтырушылармен қатар бірқатар боксшылар да доп додасына қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шағын футболмен қатар былғары қолғап бәсекесі де өтті. Ашылу салтанатына аудан басшылығымен қатар бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сатжанов қатысты. Қаңтар айының 29-ы күні өткен спорттық шаралар Қайрат Тұрсынханұлының туған күнімен, яғни 52 жасқа толуымен тұспа-тұс келді. Аягөздік бапкерге аудан әкімі Ахметқали Нұрғожиннің атынан Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.

Шаршы алаң бәсекесі біршама тартысқа толы өтті. Дей тұрғанмен бапкерлер мен осыған дейін бокс бәсекелерінде өңір, ел намысын абыроймен қорғаған боксшылар да футзал сайысына білек сыбана кірісті.

Небір әдемі голдар мен шиелінсті кездесулер қорытындысында жармалықтар жүлделі үштікті түйіндеді. Семейлік команда екінші орын иеленсе, Өскеменнен келген ұжым үздік шықты. Айта кетейік, бұл ұжымды Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы Мирас Байырханов бастап барған болатын. Ал жекелей аталымдар бойынша жармалық Ж.Қабдулин «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болса, қатысушылардың бірқатары Нигита деп атайтын Нығметолла Молдашев «Үздік қақпашы» аталымына лайық шықты.

Ал Саят Мұратбеков «Үздік сұрмерген» атанды.