Мұны тарихи күнге балады аудан әкімдігі. Қашан да жаһандық аламандарда жүлдесіз қайтпайтын жармалық сақа спортшылардың ізін жалғар буын өсіп келе жатқандығы сөзсіз. Олардың ауылды жерде алаңсыз жаттығулары үшін тиісті спорт кешенінің болуы талай жетістіктердің қақпасын ашады. Жуырда сондай нысанда қолданысқа берілген екен. Бұл ғана емес. Жармалықтар үшін қуанышты хабар тұрғын үй, ауызсу төңірегінде де байқалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әр жұмыстың басталуына республика көлемінде қабылданып жатқан бағдарламалар түрткі болуда. «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту» және тағысын тағы. Мана айтқан оңды хабар аталған бағдарламалардың соңғысы бойынша іске асқан екен.
– Осынау бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі - халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету болып табылады. Тек үстіміздегі жылдың өзінде бағдарлама аясында бірнеше жоба жүзеге асуда. Атап айтсам, Аршалы, Кіші-Қарасу, Қапай Батыр ауылдарына су құбырлары тартылуда, – деді аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин.
Бұдан бөлек, облыс және аудан бюджетінің қаржысына төрт елді мекенге су таратқыш блок-модульді станциялар орнатылуда. Аудан басшысының айтуынша, жылдың соңына дейін Кіші-Қарасу ауылына су жүйесін тарту жобасынан басқа барлық нысандар қолданысқа берілетін болады. Яғни жұмыс нәтижесінде аудандағы 50 елді мекеннің 48-і таза ауызсуға қол жеткізеді. Жоспарға сәйкес келер жылы барлық елдімекендер таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін көрінеді.
Жеке парақшасында Аметқали Ахашұлы әу баста сөз етілген тарихи күн хақында ақпарат ұсынды. Сүйінші жаңалық Шар қаласында. Ол қандай спорт кешені екен?
– Шар қаласы жұртшылығы үшін тарихи күнмен толықты. Көпшіліктің көкейінде көп жылдар жүрген мәселе бүгінде іске асып, қала орталығынан бой көтерген еңселі спорт кешені салтанатты түрде пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған нысанда барлық жағдай жасалған. Мұнда әмбебап спорт алаңы, бірнеше спорт түріне арналған жаттығу залдары қарастырылған, – деген аудан басшысы спортшылармен қатар қала жұртшылығының да тұрақты түрде қоғамдық спортпен айналысуларына мүмкіндік туғандығын мәлімдеді.
Ниеті мен тілегі бір жармалық спорт жанашырлары мен атымтай жомарттар тегіс жиналып, біркісідей жағымды жаңалықтан хабардар болып, қуанышты сәттің куәсі болды. Сөзімізді сабақтай түссек, жауапты тұлғалар сөзінше, қазірде ауданда өткен жылдан бастап бұқаралық спорт түрлерін дамытып, балалар үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімдігін қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Уақыт өткен сайын жоспарлы жұмыс оң нәтижесін беріп, спорт нысандарының қатары көбейіп келе жатқан көрінеді. Осы жылдың ішінде бірнеше елді мекендерде түрлі спорт алаңдары салынып, Жарық ауылындағы спорт кешені қайта жарақтаудан өткен.
– Бұл үрдісті ары қарайда жалғастыра отырып, спортзал тапшылығын көріп отырған білім беру мекемелерінің мәселесіне ден қоятын боламыз, – деді әкімдіктегілер.