Жарма ауданында екі пәтерлік бес тұрғын үй қолданысқа берілмек

2320
көрілім

Жуықта Жарма ауданына жұмыс барысымен облыстық мәслихат депутаты Владимир Головатюк келіп, жоспарға сәйкес іске асырылып жатқан шаруалармен танысты. Бұл жолы Шар қаласындағы қауырт тірліктен хабардар болды.

Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожиннің сөзінше, осы күнге дейін Жармадағы басты мәселелердің бірі - тұрғын үймен қамту болатын. Қазір осы бағытта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Тұрғын үймен әлеуметтің осал топтарын ғана емес, қажетті мамандарды да қамтамасыз ету көзделген. Одан бөлек, аудандық аурухана маңында орналасқан жер аумағында биылға тұрғын үй салу жұмысына дайындық басталып кетті. Өскеменнен келген жауапты тұлға Шар қаласындағы ауруханада болып, індеттің екінші толқынына қарсы тұру мүмкіндігін бағамдады.

– Мәслихат хатшысы «Жұмыспен қамту – Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қалалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарымен таныса келе атқарылып жатқан шаруаға оң бағасын берді, аурухананың заманауи аппараттармен қамтамасыз етілгенін атап өтті, – деді Ахметқали Ахашұлы.

Шағын қаланың тыныс-тіршілігімен жақын танысқан облыстық мәслихат хатшысын аудан әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің құрылыс барысымен де таныстырды. Белгілі болғандай, жуық арада екі пәтерлік бес тұрғын үй қолданысқа берілетін болады. Сонымен бірге қалаға жас мамандарды тұрақтандыру, әлеуметтік түрлі топтарға жататын азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.