Жұбайымен ажырасып, қаршадай екі қызымен ғана қалған әйел жалғыздыққа жаны шыдамай екінші мәрте тұрмысқа шыққан. Әуел баста бәрі жақсы еді. Екінші күйеуінен шекесі торсықтай ұл сүйген әйел бақыттың базарын кешті. Арқасүйері оның балаларын жатсынбай, өз перзентіндей көріп, тапқан-таянғанын еш аямайтын. Арада бірнеше жыл өтіп, қыздардың үлкені 14 жасқа келді. Міне, адам айтса нанғысыз бәленің бәрі осы кезден басталды…
«Қыздарым оны папа дейтін»
Мына бескүндік жалғанды пана еткен әрбір пенде қиналғанда қолтықтап, сүрінгенде сүйемелдейтін жан жарының болғанын қалайтыны анық. Бірінші некесі сәтсіз аяқталған Жарма ауданы, Қалбатау ауылының тұрғыны Светлана (аты-жөндері толықтай өзгертілген) Василийді кездестіргенде «екі қызыма әке болар адам осы» деген ұйғарымға келген. Сөйтіп, олар 2012 жылы екі жарты бір бүтін болып, шаңырақ көтереді.
– Екінші рет тұрмыс құрғанымда үлкен қызым Настя – 9, кенжем Виктория – 7 жаста болатын, – дейді Светлана Курисова. – Бірақ бұрынғы күйеуім ата-аналық құқығынан айырылған жоқ. Заң бойынша Василий қос қарлығашымды өз баласы етіп жаздырып алмаса да, туғанындай көріп, тәрбие беріп, әрдайым еркелететін. Қыздарым да оны жақсы көріп, папа деп атайтын. 2014 жылы отбасымызда ұл бала дүниеге келді. Шынайы бақыттың кәусарін татып, шат-шадыман күйге ендік.
Бір рет қана емес…
Сынаптай сырғыған уақыт ешкімге бағынбай өте берді. Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма? Бұл жанұяда да көңілге кірбің қонған кей кездері дау-дамай туындайтын. Бірақ оның аяғы қол жұмсауға дейін өрбімей, тек сөзбен тарқасатын еді.
2017 жылы наубайханада жұмыс істеп жүрген Светлана ара-тұра түнгі ауысымға қалып, үйге таңертең бірақ келетін. Сол уақыттарда Василий Вилимзонов Мұстанбай көшесіндегі жер үйде екі қызы мен кішкентай ұлын қарайлап отырады. 9 шілде күні зайыбы дәл осылай жұмысқа кеткенде сұмдық оқиға орын алды…
Сағат тілі 23.00-ге таянғанда өне-бойын құмарлықтың оты шарпыған 39 жастағы еркек 14-ке енді толған өгей қызы Настяға жыныстық қатынасқа түсуге ұсыныс жасайды. Пәк қыз бұған қарсы болмай, өз келісімін берген. Сөйтіп, екеуі қонақ бөлмедегі диванда ұйықтап жатқан 3 жасар сәбидің жанында арам ойларын іске асырады. Мұнымен қоймай, арада шамамен бір айға жуық уақыт өткен соң олар тағы бір мәрте нәпсіге ерік берген.
«Мүлде сенгім келмеді»
18 тамыз күні ащы судан ұрттаған Василий үйге мас болып келеді. Мұны көрген Светлана жұбайының бұл әрекетін жақтыртпаған. Осылайша, ерлі-зайыптылардың арасында кикілжің шығады. Жанжал барысында ішімдіктің буына масайған ер адам әйеліне Настя екеуінің арасында не болғанын бүкпей айтып салады.
– Санама қорғасындай қадалған бұл сөзді естігенде аузыма құм құйылғандай үнсіз қалдым. Иек сүйеген адамымның осындай опасыздық істегеніне еш нана алмадым. Тек қалшылдап жылап, тағдырға қарғыс айтқаннан басқа амалым қалмады… Жеті насырым жерге кіріп, бетінің суы бес төгіліп ұялғанның орнына қалайша ол маған бет-аузы шімірікпестен солай деп тұр. Қызым осыған дейін бірде бір жігітпен сөйлесіп, кездесіп көрген емес. Оның осындай арсыз қадамға өз еркімен барғанына мүлде сенгім келмеді. Әйтсе де Настя өзін ешкім зорламағанын айтты, – дейді Светлана Курисова.
Кеудесін ашу-ыза кернеген әйел полицияға қоңырау шалып, кәмелеттік жасқа толмаған қыз баламен жыныстық қатынасқа түскен күйеуіне шағымданады. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғаған соң, оқиғаның жай-жапсары Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына дейін жеткен. Сот отырысында сөз алған Василий Вилимзонов:
– Мен сол түні ішімдікке мүлде жоламаған едім. Не үшін сондай әрекетке барғанымды әлі күнге дейін түсіне алар емеспін. Бұл істегеніме қатты өкінемін, – деп жауап берді.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жыныстық толысқан жасқа жеткен Настя зорлық-зомбылыққа ұшырамаған. Сондай-ақ, оның бойынан ешқандай психологиялық ауытқушылық анықталмады.
– Теледидардан әртүрлі киноларды көргенде махаббатпен айналысып жатқан кейіпкерлерді көзім шалып қалатын, – дейді Настя. – Менде сондағы фильм кейіпкерлерінің әрекетін қайталауға деген құмарлық сезімі пайда болды. Өгей әкемнің ұсынысына келіскенім де сондықтан. Ал болған жағдайды анама айтуға ұялдым.
Темір торға қамалды
Сотқа келген Светлана адамды ақыл-есінен айырыпп, ұяттан бездіретін құмарлықтың шеңгеліне түскен күйеуін кешіретіндігін айтып, оны қатаң жазаламауды сұрады. Бірақ айыпталушыға жәбірленуші тарап кешірім бергенімен, заң шеңберінде үкім шығарған сот Василий Вилимзоновты жазадан жалтартпады. ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ