Жарма ауданында мектеп басшылығынан қарапайым қызметкерге дейін тиесілі үстемақыларын ала алмауда

711
көрілім

Білім саласында жүрген жандардың өздеріне тиесілі үстемақыларын ала алмай отырғандықтарын естіп, әкімдіктерге тағы бір сұраухат жіберіп көрдік. Жарма ауданынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз аудандық білім бөлімінің бірқатар қызметкерлері ауылдық жерде қызмет еткені үшін төленетін 25%-дық үстемақыларын ала алмай отырғандықтарын айтып, шағымданды. Дауыл алдында дабыл қаққан білім саласы қызметкерлерінің өтініштері туралы аудан әкімдігінен сұрастырып, анықтап көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қыркүйектен бері жалғасып келеді

Мәселе 1-2 ай көлеміндегі ғана олқылықтан емес, жарты жылға жуық жалғасып келе жатқан келеңсіз жайт төңірегінде. Қызметін саналы ұрпақ тәрбиелеумен ұштастырған жандар өткен жылдың күзінен бастап үстемақы мәселесінің машақатын тартып келеді. Салы суға кеткен мектеп қызметкерлері қазір жемес астан үміт етіп жүргендей. Айтпағымыз, ауылды жерде қызмет етуіне қарай төленуі тиіс 25%-дық үстемақыны қыркүйектен бері ала алмай келе жатқан Жарма ауданының білім бөлімі қызметкерлерінің жанайқайы.

– Неліктен біздің ауданда ғана төленбей келеді? Әлде тәлімгер мен кітапханашылар лауазымды қызмет пе? Жалақы мәселесіне өкпеміз жоқ, алайда ауылды жерде 25%-дық үстемақы уақтылы төленсе әжептәуір көмек еді. Осы үстемақыны мүлде ала алмай кетеміз бе деген үрей де бар. Бұл заң бойынша тиесілі ғой, – дейді кітапхана ісінде біршама жыл жұмыс атқарып келе жатқан Айман Асқарова (аты-жөні өзгертілген).

Осылай деген қызметкерлердің бірінің сөзінен кейін аудан әкімінің орынбасары Ернар Бексұлтанов берген жауапқа үңілдік. Мәлім болғандай, мектеп директорлары, оқу ісінің меңгерушілері және өзге де қызметкерлер (кітапханашы, тәлімгер) лауазымды қызмет болып саналғандықтан өткен жылдың қыркүйек айынан бері тиісті үстемақы төленбей келеді. Көңілдері шайлыққан қызметкерлер өзге аудандарда төленіп, Жарма ауданына келгенде жағымсыз жаңалық бұлтының сейілмеуіне аң-таң болуда. Десе де аудан әкімі орынбасарының берген жауабында қисынсыздық бар сияқты. Әу баста кітапханашының сауалы да дәл келіп тұр дерсің. Берілген жауапқа сүйенсек, мектеп кітапханашысы мен тәлімгер лауазымды тұлғалар қатарына жатады. Сонда мектеп директорлары кімдер?

Мәслихатта талқыға салынбақ

– Жарма ауданының әкімдігі 2019 жылдың 25 маусымындағы №170 «Азаматтық қызметшілер саналатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындау туралы» қаулысы қосымшасының негізінде төленіп отыр, – дейді Ернар Бексұлтанов.

Жағдайдың жуық арада оңалар түрі жоқ. Өзге аудандарда күн тәртібіне қойылып, уақтылы төленіп жатқан төлемақы мәселесі наурыз айында өтетін аудандық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылатын көрінеді. Көңілдері шайлыққан ұстаздарға қайтпек керек? Үстемақы төленбеуінің басты себебі, аталған жұмыста қызмет атқарып жатқан жандардың лауазымды тұлғалар қатарына жатқызылуынан ба? «Аудан мектептерінде 9 мұғалім жетіспейді» деп жазған басшылық шешімді оқытушылар пайдасына шешсе игі еді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ