Жарма ауданында шенеуніктердің ақша жымқыру фактісіне қатысты ұсыным қаралды

7042
көрілім
Шартты фотосурет

Бұл туралы ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерлан Жалмағамбет Жарма ауданы әкімдігі мен мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен өткен онлайн-жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиын барысында «Жарма ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бухгалтері азамат М. ақша жымқыру фактісіне қатысты қылмыстық істер бойынша қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен жағдайларды жою үшін енгізілген ұсыным қаралды.

Осылайша, Ерлан Нағашбайұлы кеңес қатысушыларына азамат М. Қарасу ОМ және Жарма ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі бухгалтері бола отырып, 2011-2019 жылдар аралығында өзінің карточкалық шотына 2 млн. теңгеден астам ақшаны аудару арқылы бюджеттік қаражатты жымқырғандығын жеткізді.

- Сондай-ақ аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудың негізгі себептерінің бірі алдын алу сипатындағы тиісті шаралар қолданбаған тікелей басшылық тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі болып табылатынын, бұл аталған бөлімше қатарындағы тәртіптің әлсіреуіне және қылмыстық заңнаманың бұзылуына әкеп соққанын атап өтті, - делінген мәліметте.

Осыған байланысты Департамент басшысы Жарма ауданы әкімдігі, мемлекеттік органдарының басшылық құрамымен және қызметкерлерімен осыған ұқсас құқық бұзушылықтардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық шаралар өткізуді жіті тапсырды. Бұдан бөлек, аудандық білім бөлімі мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүргізуін жыл сайынғы тексеру кестесін бекітуді, аудандағы коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде «1С-бухгалтерияны» қолдануды және қолданысқа енгізуді ұйымдастыруды ұсынды.

- Профилактикалық жұмысты күшейту аясында осындай ұсыныстар әрбір қылмыстық іс бойынша енгізіледі және қылмыс жасаған лауазымды адам тікелей жұмыс істеген мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарында қаралады.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы кез келген азамат 24/7 режимінде жұмыс істейтін «1424» Call-орталығы арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлай алады, - дейді мамандар.