Жарма ауданында спорт кешені пайдалануға берілмек

526
көрілім

Жарма ауданы Жарық ауылында қолданыстан шығып қалған спорт кешені қайта жаңғыртылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарық ауылының тұрғындары әкімдіктен бұрынғы спорт кешенін жөндеуді қайта талап еткен. Тұрғындардың өтінішіне құлақ асқан әкімдік бірден іске кірісіп кетті.

– Нысан жылыту жүйесінің бұзылуына байланысты қолданыстан шығып қалған. Аудандық бюджет есебінен 10 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, «Таңба» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Яғни, ғимараттың есіктері толық ауыстырылып, кәріз, жылыту жүйесі жасалып, қосымша жарықтар орнатылды. Сонымен бірге қабырғаларын тегістеу, әрлеу, сырлау, әсемдеу жұмыстарын жүргізілуде. Мердігер серіктестік басшылығы нысанды сәуір айының аяғына дейін қолданысқа беруді жоспарлап отыр, – дейді аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин.