Жарма ауданында үш жасар немересімен бірге үсіп қалған ерлі-зайыптылардың өлімі жайлы ауыл тұрғыны тың ақпаратпен бөлісті

1163
көрілім
Фотосурет exk.kz сайтынан

Бір ақпарат бір мезетте барлық дереккөздерде жарияланып, қайғылы хабарды талай адам естіді. Абай облысына қарасты Жарма ауданының Терістаңбалы ауылында жақында жан түршігерлік жағдай болды. Ай мен күннің аманында аядай ғана ауылда немересімен келе жатқан ерлі-зайыптылар үйлеріне жете алмай, аязда үсіп ажал құшты. Кейбірі қатты тонған баланың айқайлап жылаған үні естілді деп жазыпты. Сайт тілшісі түрлі дереккөздеріне сүйене отырып, оқиғаның қалай болғанына үңіліп көрді.

«Тоңған бала тоқтаусыз шырылдапты»

Аудан әкімдігінің ресми сайтында Терістаңбалы ауылдық округі жазылмаған. Суықбұлақ кентіне кірігіп кетіпті. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, қазір мұндағы түтін саны 30-ға да жетпейді. Жастар легі аз. Республикалық басылымдарға тараған мәліметтер бір-бірімен үндес. Informburo.kz порталының дерегінше, олар алдымен Ішкі істер министрлігіне сұраухат жіберіп, ол жақтағылар Жарма аудандық полиция бөліміне ақпар қараша айының 28-і күні, таңертең түскенін мәлімдеген. Соған сенсек, 56, 57 жастағы ерлі зайыптылар Бейбітшілік көшесімен келе жатып, шыңылтыр аязға шыдас бермеген. Ал ауыл тұрғындарының сөзінше, көптеген интернет басылымдарда жүрген «тоңған бала тоқтаусыз шырылдапты» деген сөйлем жаңсақ тұжырым.

– Мұны кім айтты екен? Жай ғана ой жүгірткеннің өзінде, айқайлаған баланың дауысын кім естісе де, сол жерге жетіп бармай ма? Ауылымыз шағын. Не болып, не өзгеріп жатқанын бірден естиміз. Естуімізше, оқиға түн ортасында болған. Керісінше, тоңған адамдардың дауысын ешкім естімегендіктен үш адамның өмірі үзілді, – деді аты-жөнін өзгертіп беруді сұраған Сұлтанбек Өміртаев.

Суықбұлақ кентінің әкімдігіне қоңырау шалып едік, жауапты тұлғалар мән-жайды анықтаушыдан (дознаватель) нақтылауымызды жөн көрді. Анықтаушы мұндай ақпаратты тек туысқандарына ғана айта алатындықтарын, ресми ақпарат қажет болса жергілікті БАҚ өкілдерінен толықтыруға сілтеді. «Егде жастағы ерлі-зайыптылардың шағын ауылда үсіп қалуының себебі неде?» деген сауалға бір ауыз үн қатпаулары көп сауалдарды сол күйінде қалдырды. Бір есептен, мұны жергілікті полиция бөлімі де растаған, барлық басылымдарда бақилық болған жандардың жасы нақпа-нақ жазылды. Дегенмен жай-жапсарын жариялау көп адам үшін әлі құпия ақпарат болып тұрған сыңайлы.

Жалғыз дереккөз Сұлтанбек Өміртаев қараша айының 28-30 күндері сынап бағанасы 35°C-тан түспей тұрғанын айтты. Өлім құшқан үш мұңлықтың жаназасы екі күннен соң шығарылыпты. Ерлі-зайыптылардың тұрмысы орнықты, тек аязда үйлеріне жете алмай қалғанын жұмбақ жайт деді. Бейресми мәліметтерге сенсек, мәйіттерді бірден сараптамаға жіберген. Соның нәтижесінде анықталғаны – тұрғындар танысының үйіне қонаққа барған.

Аязда ауылға жаяу кетті ме?

Туысқандарымен байланысқа шығу мүмкін болмады. ABAI NEWS телеграм-арнасының желтоқсан айының 2-сі күні ұсынған мәліметінше, үш жасар немересімен келе жатқан қос тұрғын көрші ауылдағы таныстарына қонаққа барып, кейін қайтудың қамымен көлік ұстаған.

– Терістаңбалыға жеткізбей қалдырып кеткен жүргізуші ме, әлде ерлі-зайыптылар өздері мәшинеден түсіп қалды ма, жақындары да білмейді. Ауылға бір шақырым қалғанда немерсін қолына алып, жаяу жалпылы кетіп қалған, – делінген мәліметте.

Ресми мәліметтердің бірі осылай деп жазса, бейресми ақпараттар жантүршігерлік жайт шағын ауыл ішінде болғанын алға тартты. Екі нұсқаға ортақ мәлімет – Жарма тұрғындары аяздан үсіп көз жұмды. Ішкі істер министрлігінің Informburo.kz-ке ұсынған мәліметінде күш көрсету, қинап өлтірудің белгілері байқалмады деп жазылған. Дәл осы порталға марқұмдардың жақындары мынадай мәлімет ұсыныпты.

– Таңертең табылғанда, әйел адам ауылдан 50 метр, ал немересін қолға алған жұбайы 100 метр жерде жатты. Енді туысқандары қақаған аязда неліктен ауылға жеткізбей түсіріп кеткендігін анықтау үшін көлік жүргізушісін іздеп жатыр, – депті бақилық болған жандардың жақыны.

Ауыл тұрғындары Жарма өңірінде үсіп қалу салдарынан ажал құшу жағдайларының бұрын болмағанын айтты. Тек боранда адасып кеткен шопан, бақташылардың оқиғасын естіген, түзде бағытынан жаңылғандар тез табылыпты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ