Білім саласындағы былық деуге келмес, алайда мәселенің сағызша созылғанына бір жыл болған. Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде Жарма ауданындағы мектеп директорлары, олардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен басқа да қызметкерлерге тиесілі үстемақы былтыр қыркүйек айынан бері төленбей келе жатқандығы жайлы мақала жарық көрген болатын. Жауапты тұлғалар ресми мәлімет ұсынғандарымен, сөздің соңы іспен аяқталмаған көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
1000-нан астам мұғалім бар
Бірден айта кеткен жөн болар, осы уақытқа дейін жармалық мектептердегі мұғалім тапшылығы мәселесі белгілі бір мөлшерде шешімін тапқан сыңайлы. Әу баста аудандағы білім ошақтарында тоғыз мұғалімнің орны босап тұрған еді, қазіргі уақытта тек екі математика пәнінің ұстаздарына қажеттілік бар.
– Мұғалімдерге қажеттілікті жою мақсатында жоғары оқу орындарымен жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жетіспейтін ұстаздардың орнына жұмыс істеп жүрген пән мамандарына қосымша жүктеме беріліп отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Ернар Бексұлтанов.
Оның сөзінше, ауданда 1-11 сынып аралығында – 6985 оқушы білім алуда, ал мұғалімдердің ұзын-саны – 1047. Дегенмен солардың бірқатары өздеріне тиесілі, яғни ауылдық жерлерде жұмыс істегендері үшін төленуге тиіс үстемақыларын ала алмай отырғандықтарын алға тартып, әкімдік тарапынан бір шара қолданылуын талап етуде. Аудан басшылығына сұраухат жіберген едік, осыған дейін ұсынған жауаптарын қайта жазды. Оған үңілсек, баяғы жартас – сол жартас, «Мектеп директорлары, оқу ісінің меңгерушілері және өзге де қызметкерлер (кітапханашы, тәлімгер) лауазымды қызмет болып саналғандықтан өткен жылдың қыркүйек айынан бері тиісті үстемақы төленбей келеді» деген уәж. Газет редакциясына көңілдері кіділеніп, үстемақы алудан үміті үзіліп қоңырау шалған оқытушылар аталған мәселе өзге аудандарда өз деңгейінде шешіліп, тек Жармаға келгенде әкімдіктің жауапсыздық танытып отырғандарына аң-таң. Осының алдында Ернар Бексұлтанов мектеп директорлары ғана емес, кітапханашы, тәрбиешілерді мезі етіп біткен мәселенің наурыз айында өтетін мәслихат талқысында қаралатынын жеткізген болатын. Одан да еш нәтиже шықпаған көрінеді.
«Үстемақыны ала алмадық»
– Үстемақы мәселесі шешілген жоқ. Ұстаздарға түсіндіру жұмыстары да жүргізілмеді. Заң жүзінде өзімізге тиесілі үстемақыны ала алмай келе жатқанымызға бір жыл болды. Биыл да солай бола ма белгісіз, – деген Расул Жетпісбеков (аты-жөні өзгертілген) мұндай әрекеттің қаншалықты заңды екендігін сұрады.
Бұл жерде бар кінә әкімдік тарапына тағылып отырған жоқ. Бәлкім, аудандағы білім саласында белгілі бір жүйе қалыптасып, бәрі сол ағыспен жүзіп келе жатқан болар. Десе де сауал-өтініштерін қайта жолдап жатқан қызметкерлердің тиісті жауап ала алмай отырғандығын ескеріп, облыстық Білім басқармасының да пікірін білуді жөн көрдік. Олар да ешнәрсе алып-қоспады. Бар болғаны аудан әкімдігінің берген жауабын қайта ұсынды. Облыстық құзырлы мекеме болғандықтан өзіндік пікір айтып, мәселеге басқа бағыттан көз тігіп, ой білдіре ме деген едік, «қабылданған шешім мен өтінішті қарау нәтижелеріне шағым жасауға құқығыңыз бар екенін түсіндіреміз» деген сипаттағы толыққанды емес жауап қатты. Қош. Олардан одан әрі кесімді сөз күткеннен гөрі әкімдік берген жауапқа ойысайық.
– Мектеп директоры, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен өзге де қызметкерлеріне (кітапханашы, тәлімгер) ауылдық жерде жұмыс істегені үшін төленетін 25% көлеміндегі үстемақы төлеу шаралары заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады, – деді әкімдіктегілер.
«Лауазымды қызметкер болсақ...»
Қашан, қалай төленетіндігі белгісіз. Десе де ерте ме, кеш пе әйтеуір төленетіндігін айтып сендіруде. Олай болмаған күнде мұғалімдерге қайтпек керек? Ең қызығы, аудан басшылығы аталған қызметтегі жандар лауазымды тұлға болуына байланысты үстемақы төленбей келе жатқандығын алға тартты. Мұның алдында да осындай жауап келген болатын. Мектеп директорлары жарайды, сонда кітапханашы мен тәрбиеші қаншалықты лауазымды тұлғаға жатады? Берген жауаптарының қисынсыздығы қай тұрғыдан алып қарасақ та шырпы басын сындырмай отырғандықтарын көрсетеді. Сонда аудан көлемінде білім беру мекемелерінің қызметкерлері қай жерден шалыс басты? «Бұл заң бойынша тиесілі ғой» деген тәрбиеші Әсемгүл Тоқтардың (аты-жөні өзгертелген) «Егер біз лауазымды қызметкер болсақ, мектеп директоры кім болды екен сонда?» деуі де орынды сияқты.