Жарма ауданында жаңа жылу қазандығы іске қосылмақ

1044
көрілім


Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин Шуақ ауылындағы жаңа жылу қазандығының қысқы маусымға дайындығын тексеріп қайтты. Мердігер мамандар барлық құрылыс жұмыстарын, электр желілерін іске қосу және автоматты басқару қондырғыларын жүйеге енгізу ісін толық аяқтаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қазандық өндіруші кәсіпорынның өкілі, ресейлік маман жаңа үлгідегі жылу қазандығын орталықтан басқару, оның ережелері мен талаптарын игеру мақсатында қазандық қызметкерлерін кешенді үйрету жұмыстарын жүзеге асыруда. Аудан әкімі тәжірибе алмасу жұмыстары барысында жылу қазандығының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті мамандарға жауапкершілікпен жұмыс істеп, қосымша мамандар даярлау ісіне көңіл бөлуді тапсырды. Сонымен қатар қазандықтың материалдық базасын нығайтып, жылыту маусымында еш кемшілік болмауы керектігін атап өтті.

Жалпы алғанда толық басқару орталығындағы компьютермен жұмысы жүзеге асатын жылу қазандығының мүмкіндігі мол. Сонымен қатар, шығыны да анағұрлым аз, және бөлінетін жылу көлемі жоғары. Бүгінгі таңда орталық желіге су айдау, жылу қазандығын отынмен толтыру, электр және басқару желілері толық тексерістен өткен. Яғни, қорытынды толық тексерістен кейін жылу қазандығы таяу күндері іске қосылатын болады.