Жарма ауданына қарасты «8 Март» ауылының іргесінде орналасқан «Алтыбай» шаруа қожалығының жоғалып кеткен малшысы табылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Жарма аудандық полиция бөлімшесіне 19 ақпан күні сағат 16.40 шамасында Жарма ауданына қарасты «8 Март» ауылының жанында орналасқан «Алтыбай» шаруа қожалығының басшысы хабарласып, малшы таңертең 9.00-де 300 бас ұсақ малды өріске айдап кеткеннен қайтып оралмағандығын айтты.
Кешкі сағат 19.50-де жедел іздестіру жұмыстары басталды. Іздестіру жұмыстарына Жарма АПБ-нен 8 қызметкер, «УАЗ» және «Нива» маркалы автокөліктері, Жарма аудандық әкімшілігінен тіркегіші бар «Уаз пикап» автокөлігі қаркешкіш шанамен, Жарма ауданы ТЖБ-нен 2 адам «УАЗ» автокөлігімен, Семей қаласының құтқару отрядынан 4 адам «Марш нива» автокөлігімен, Белтерек ауылынан 5 адам, жеңіл автокөлік және қаркешкіш шана, «8 Март» ауылынан 8 адам жұмылдырылды.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан боранда ығып кеткен малдар табылғанымен, малшы үшті-күйлі жоқ болып шықты. Іздестіру жұмыстары 14 сағатқа жалғасып, 20 ақпан күні сағат 9.52-де жоғалған малшы «Аружан» шаруа қожалығынан 10 шақырым жерде табылды.
Қазіргі уақытта малшының жағдайы жақсы. Медициналық көмекке мұқтаж емес.