Жарма ауданының әкімі тұрғындармен кездесті

346
көрілім

Аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов Жарма кенті және Қызылағаш ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесулер барысында аудан басшысы жаңадан құрылған облыстағы соңғы өзгерістер, 2022-2025 жылдарға арналған ауданды дамыту тұжырымдамасы туралы хабардар етті.
Жиында Жарма кентінің тұрғындары балалар мен жастар үшін спорт залын, өртенген нысанның орнына дәрігерлік амбулатория, мал қорымын салу, шабындық жер бөлу туралы өтініштерін білдірді.
Нұрымбет Сақтағанов тұрғындардың тілектеріне жауап бере отырып, олардың барлығы ескерілетінін алға тартты. Келесі кездесуде, жаңа облыс аясында қаржыландыру көлемі анықталған кезде олардың қашан орындалатынын жеткізді.


Бірқатар мәселелер бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді. Мәселен, тиісті мәселелерге жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлімдерге меморандум негізінде Жарма кентінің тұрғындарына көршілес округтер есебінен шөп шабу учаскелерін бөлу мәселесін шешу тапсырылды.
- Қызылағаш ауылының тұрғындары Қызылағаш – Қалбатау рейсі бойынша автобус қозғалысын ашу және Интернетке қосылу мәселесін шешуді жеделдетуді сұрады. Бұл мәселелер өз шешімін табуда – автобус 21 маусымнан бастап жүре бастайды, ал интернет күзге дейін қосылады, - делінген мәліметте.