Жарма ауданының әкімі жұмыс сапарымен ауылдарды аралады

15200
көрілім

Аудан басшысы Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Жаңғызтөбе кенті, Шуақ, Ақжал және Жаңаөзен ауылдарында болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Нұрымбет Сақтағанов аталған елді мекендердің ішкі даму резервтерін анықтау, инфрақұрылым обьектілерін жөндеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, айлықтарын көтере отырып тұрғындардың өмір сүру деңгейлерін арттыру аясындағы жоспарлы жұмыстар барысымен танысты.
- Жаңғызтөбе кентінде кездесу барысында жол және су мәселесі көтерілді. 17 колонкадан 4-еуі ғана істеп тұр. Тиісті бөлім және «Жарма Су» мекемесіне істен шыққан су құрылғыларын жөндеу жұмыстары бойынша тапсырма берілді. Кент жастары жыл басынан бері өңір тұрғындары тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша презентация ұсынды. Сондай-ақ елді мекеннің орталық алаңда айналма жол салу бойынша мәселе көтерілді және жастарды қоғамдық кеңеске енгізу туралы сұрақтар талқыланды, - деді Нұрымбет Аманұлы. - Ақжал ауылында тұрғындар су мәселесі, алтын кенін өндіретін "Горняк" АС" ЖШС-нің үйлерді сатып алу жайы туралы өтініштерін жолдады. Ауылдағы иесіз үйлерді сот шешімі негізінде анықтап, бұзу және рекультивациялау мәселесін қарау бойынша хаттамалық тапсырма берілді.


Бұдан бөлек, Жаңаөзен ауылындағы Пушкин көшесінің тұрғындары бір ай бойы судың болмағанын айтып шағымданды.
Өнір тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындар баспанамен қамтамасыз ету, жайылымдық жер, егістік, жем-шөппен қамту және мал қорымдарын ұйымдастыру, қоқыс үйінділеріне орын бөлу, әлеуметтік мәселелер жайында сауалдар жолдады. Көтерілген мәселелер мен жолданған сауалдардың түйінін тарқату мақсатында нақты тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Әкім барлығы бақылауда тұрғанын жеткізді.