Жарма ауданының Әуезов кентінде көше жолдары жөнделуде

676
көрілім

Бұл туралы аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан басшысы жұмыс сапарымен Әуезов кентінде болып, бірқатар әлеуметтік нысандардағы құрылыс жұмыстарымен танысқан. Айтуынша, қауырт жұмыс кестеге сай жүргізілуде.

– Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кенттегі көше жолдарын қалыпқа келтіру, Бақыршық орта мектебін күрделі жөндеу және жаңа Мәдениет үйінің құрылысы қолға алынған болатын. Жалпы ұзындығы 1200 метр қашықтықты құрайтын көше жолдары құрылысы бүгінде аяқталуға жақын. Яғни, мердігер асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп, таяу күндері қолданысқа бермек. Мектеп ғимаратын жөндеу жұмыстары да жоғары қарқын алған. Жауапты мердігер жұмысты жауапкершілікпен орындай отырып, қараша айында қолданысқа беруді жоспарлауда. Одан бөлек, 400 орындық Мәдениет ошағы құрылысы қызу жүруде. Бүгінде нысанның орнын әзірлеп, ірге тасын қалау жұмыстарына кіріскен. Жауапты серіктестік нысанның негізін биыл қалауды көздеп отыр. Жоспарлы жұмысқа сәйкес бұл орын келер жылдың тамыз айында қолданысқа берілуі тиіс, – деді Ахметқали Ахашұлы.