Жарма ауданының Қапай Батыр ауылына ауызсу тартылуда

2062
көрілім

Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин осы жылы ауданда бірқатар нысандар бой көтеріп, бірнеше ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жұмыс сапарымен Қапай Батыр ауылы іргесінде қарқын алған сумен жабдықтау желілері құрылысы барысымен танысқан жауапты тұлға құрылыс басында ауыл тұрғындарымен де жүздесті.

– Жалпы құны 280 млн. теңгенің құрайтын жоба арқылы 106 түтіні бар ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жыл санап қатары артып келе жатқан ауылға бұл жоба тұрмысын арттырып, тіршілігін ілгері бастыруға көп ықпал етпек. Мердігер «KAZFROFSTROY HOLDING» ЖШС басшылығы құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, қыркүйек айында қолданысқа беруді көздеп отыр. Оған қажетті техника да, жұмыс күші де жеткілікті, – деді аудан басшысы.

Қазіргі уақытта 30 адам тұрақты жұмыс істеуде. 10 адам жергілікті тұрғын. Қосымша тағы да жергілікті жұртты жұмысқа тарту жоспарланып отырған көрінеді. Аудан әкімінің сөзінше, аталған серіктестіктің аз қамтылған, көпбалалы жанұялар мен қарияларға ауыз суды тегін тартып беруді өз жауапкершіліктеріне алғандарын жеткізді.

– Көп жыл күткен тұрғындар ауылға ауыз судың келетіндігіне қуанышты. Ендігі тілектері атқарылар жұмыстың сапалы болуы. 15 жыл құрылыс нарығында еңбек етіп келе жатқан серіктестік басшылығы жұмыс сапасына кепілдік беріп, халықты біріккен жұмысқа шақырды, – деп қорытындылады Ахметқали Ахашұлы.