Жарма ауданының тұрғыны туған бауырына пышақ сұққан

692
көрілім

Ащы судан сілтеген ағайындылардың арасында араздық туған. Сол кезде бауыры ағасының бетіне жұдырық сілтеп, кеңірдектен ала түседі. Інісіне күші жетпеген еркектің есерсоқтанғаны сонша, қолына пышақ алып қарымтасын қайтармақ болады. Бұл жайлы аудандық №2 сотта қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Бұл оқиға Жарма ауданының Әуезов кентінде болған. Жер үйдің асбөлмесінде ағайындылар Қанат пен Ерсінбек (есімдері толықтай өзгертілген) 0,5 литрлік 2 шөлмек арақты сілтеп отырады. Аннан-мыннан сөз қозғаған әңгіме-дүкен құрған ер адамдардың арасында кенет ерегес шыққан. Қызып алған екеуі де дес берер емес, тілмен бір-бірін жерден алып, жерге салып жатыр. Бір уақытта ашуы алқымына келген Ерсінбек ағасының бет тұсына бірнеше рет соққы жасап, қылқындыра кетеді. Бұған намыстанған Қанат үстел үстінде жатқан пышақты шап беріп, бауырының оң жақ кеуде тұсына сұғып жіберген. Сөйтіп тұрақты жұмыс орны жоқ 45 жастағы еркектің ісі Жарма аудандық №2 сотына жетеді. Сот медициналық сараптама нәтижесіне сүйенсек, тәніне пышақ кірген жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтіріліпті.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді. Ал Ерсінбек ағасын кешіретіндігін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот үкімі бойынша Қанат Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған сотталушы 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК