6-10 маусым күндері аралығында Қырғыз Республикасының Чопаната қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қол күресінен Азия чемпионаты болып өтті. Чемпионаттан жармалық тұрғын жүлделі оралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Аталмыш жарыста Шар қаласының спортшылары Зарина Примак пен Қуандық Бейсембаев ел намысын қорғап қайтты. Тағдыр тәлкегімен арбаға таңылған қайсар мінезді Зарина дүбірлі додадан І орынды иеленіп, екі дүркін Азия чемпионы атанды.
Заринамен қатар ерлер арасында қол күресінен Азия чемпионатына Қуандық Бейсембаев та қатысып, бұл бәсекеде IV орынды иеленді. Жеңіс туын желбіретіп келген жерлестерімізді аудан әкімінің орынбасары А. Ибраев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Жұмақанов, Шар қаласының әкімі М.Сәкенов, спортшылардың жақындары мен Шар қаласының тұрғындары құрметпен қарсы алды.