Еліміздің басқа өңірлеріндей, Жарма ауданында да шағын бизнесті дөңгелетіп отырған нәзік жандылар аз емес, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірі кондитерлік өнімдер пісіріп, отбасылық кірісті арттырса, енді бірі қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.
Шар қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сәния Ауытханова 1993 жылдан бастап ұлттық, арнайы киімдер тігумен қатар, киіз үйге арналған жапқыштар тігумен айналысады. Кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, мемлекеттік қолдаудың арқасында тігін цехын ашқан болатын.
Тігіншілер қолынан шыққан көрпе тыстары, төсек жапқыштар және басқа дүниелер ұлттық ою-өрнектермен әшекейленген.
Бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған цех жұмыс аясын кеңейткен. Нарықта өзіндік орыны бар өнімге басқа аймақтардан да сұраныс артқан.
Ауытканова Сания Бекежановна 1954 жылы 20 мамырда Семей облысы Жарма ауданы Қараш ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Жамбыл қаласындағы жеңіл өнеркәсіп технологиялық институтын бітіріп, еңбек жолын Шар қаласындағы тігін-галантерея фабрикасында инженер-технолог қызметінен бастады. Осы мамандығы бойынша 46 жыл еңбек өтілі бар білікті маман. 1983 жылдан бастап ЖК «Сәния», фабрика директоры. Сания Бекежановна өз ісінің майталман шебері, ел келешегін ойлаған, қайтсем халқыма көмегімді тигіземін деп тыным таппай жүрген өте іскер жан. Мейірімді, жан-жақты білімді, білікті, еңбекқор адам. Қоғамдық жұмыстарға және Шар қаласының дамуына,қоғамдық өміріне белсене қатынасады. Күнделікті өмірде, тұрғындармен қарым-қатынаста мәдениетті, сыпайы, жұртшылық арасында үлкен сый-құрметке ие.