Жармалық малшылар соңғы кездері қасқыр санының көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағуда

1268
көрілім

Соңғы жылдары Жарма ауданында қасқырдың төрт түлікке шабуы жиілеп, жергілікті жұрттың мазасы кетті. Сайт редакциясына хабарласқан оқырмандарымыз түз тағысының, әсіресе жылқыға жиі ауыз салатынын айтуда. Ит-құсқа жем болған малдың қарасы жыл санап көбейгенімен, қасқыр атуда қолдан келер амалдың жоқтығын алға тартқан тұрғындар алаңдап отыр. Мәселенің мән-жайына тереңірек үңіліп, қауымның құтын қашырған көкейкесті сауалға жауап іздеу мақсатымен Бұқара.кз сайтының тілшісі осы іске тікелей жауапты құзырлы мекемеге хабарласып көрді…

Қырғидай тиіп тұр

Қалбатау ауылының маңындағы жеке шаруашылықта жылқы бағамын, – дейді газет редакциясына Жарма ауданынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыздың бірі. – Бізде қасқырдың төрт түлікке шабу көрсеткіші өте жоғары. Өткен жылы бағып жүрген жылқыларымның жиырмасы бірдей түз тағысының жемтігіне айналды. Биыл көктем шыққалы бері тағы да мазамыз кетті. Төрт түлікке шапқан қасқырлар көрші шаруашылықтың 5, біздің 7 ірі қарамызды жеп кетті.

Осылайша жармалық жылқышылар Даубай, Байбура және Аюлы жайлауларынан жайбарақаттықты кетіріп, жұрттың жүйкесін жұқартқан жыртқыштардың көзін құртуда шешілмей жатқан мәселенің барын айтып, жергілікті биліктен көмек сұрауда.

Шағым түскен емес!

Бұл мәселе бойынша сайт редакциясына ресми хатпен жауап берген Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Жарма ауданының тұрғындары тарапынан инспекцияға қасқырлардың малға шабуылдағаны жөніндегі арыз-шағымдардың түспегенін айтады.

Шығыс Қазақстан облысында қасқыр атуға тыйым жоқ, – дейді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Санақбек Кітапбаев. – Қазіргі уақытта қасқырдың төрт түлікке жиі шабуы Риддер қаласы мен Шемонаиха және Глубокое аудандарында ғана тіркелмеген. Қалған аудандардың барлығында аң-құстың аузына түскен мал саны баршылық, дегенмен біз қасқырға санақ жүргізіп отырамыз. Ал бекітіп берілген аңшылық шаруашылықтар аумақтарында түз тағысын санаумен олардың қорықшылық қызметкерлері айналысады.

Лауазымды тұлғаның айтуынша, қасқыр санын реттеу үшін «саны реттелуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға» рұқсат алу қажет.

Мұндай рұқсатты алу үшін «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» туралы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бойынша Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына өтінішті электронды түрде www.e.gov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкіметінің» веб-порталы арқылы жіберу қажет, – дейді Санақбек Кітапбаев.

Қомақты қаржы бөлінеді

Ал жабайы жануарлардың түрлеріне кері әсерін тигізетін жыртқыштардың санын реттеу табиғат пайдаланушылармен және облыстың өзге де табиғат қорғау құрылымдарымен жүзеге асырылады.

«Биологиялық тепе теңдікті сақтау мақсатында жыртқыш жануарлардың санын реттеу» бағдарламасы бойынша 2016 жылы облыс бюджетінен 9983,9 мың теңге қаражат бөлінді, – дейді Санақбек Кітапбаев. – Жоғарыда аталған сома бюджеттік шартқа сәйкес Семей ауданаралық аңшылар мен балық аулаушыларының бірлестігімен игерілді. Бюджеттік шартқа сәйкес 2016 жылы 366 ересек қасқыр мен 22 бөлтірігі жойылды.

Инспекция өкілінің мәлімдеуінше, ауланған қасқырлардың 45-і әуе техникасын, 61-і қарда жүретін техниканы қолдану арқылы жойылса, қалған 260 қасқыр мен 22 бөлтірік әуесқой аңшылардан сыйақысы төлене отырып алынған.

***

Демек, бүгінде өңірімізде қасқыр атуға тыйым жоқ. Тек оны аулаймын деген аңшы болса болғаны. Дегенмен, қасқыр қанша ауланғанымен, төрт түлікке ауыз салатын аң-құстың саны кеміп жатқан жоқ. Ал мал амандығының қамын жеген ауыл-аймақ тұрғындарына бұл бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселе болып отыр. Десе де, қол қусырып отыра берудің қажеті шамалы. Жармалық шаруалар жергілікті билікке өтініш түсіріп, мәселенің мән-жайын түсіндірсе, қолына қару алып қасқыр аулауға шығатын аңшылар қарасын көбейтіп жіберуі де ықтимал.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ