«Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігінің ұйымдастырумен 2017 жылдың 29 мамыр 3 маусым аралығында Түркияның Анталия қаласында өткен ұстаздардың, оқушылар мен студенттердің «АНТАЛИЯ – 2017» халықаралық Достық фестивалі мен ғылыми конференциясы болып өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Халықаралық фестивальге арнайы шақырту сертификатын Жарма ауданы «Георгиевка орта мектебі» КММ-нің 4 «Б» сынып оқушысы Ақерке Құсайын мен оның сынып жетекшісі Күміс Қойшыбаева алған екен. Бес күнге созылған халықаралық шараға Қазақстан, Ресей және Түркия елдерінің үздіктері қатысқан.
Халықаралық Достық фестивалі мен Ғылыми конференциясы қорытындысында Күміс Қойшыбаева бастауыш сыныптарға сабақ берудің мазмұнын ашу туралы ғылыми жоба қорғап, бірінші орынға ие болған. Ал оның шәкірті Ақерке Құсайын «Қабанбай батыр» жырымен әдебиеттік оқудың көркем сөз жанры бойынша қатысып, бас жүлдені иеленді.