Ресейдің Красноярск қаласында өтетін «Иван Ярыгин-2020» турнирінде өтетін халықаралық сайыста төрт жерлесіміз өнер көрсетеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бапкерлер құрамы бұл жолы бірқатар жастарға сенім білдіріп отыр. Тәжірибелі Расул Қалиевтен (57 келі) бастап, риддерлік Олег Болтин (125 келі), жасы 20-дан енді ғана асқан семейлік Тілек Қабыкенов (74 келі) кіл мықтылар арасында өз мүмкіндіктерін байқайды. Ал әйелдер арасында Азия чемпионатында жүлдегер атанып жүрген Ирина Казюлина бозкілемге беттейді. Аталмыш аламан қаңтардың 23-26 күндері аралығында өтеді.
Үш салмақ бойынша жеребе тартылғаннан кейін, 57 келіде белдесетін жерлесіміздің алғашқы қарсыласы анықталды. Белгілі болғандай, Расул Қалиев алғашқы айналымда Солтүстік Осетиялық Азамат Тускаевпен шеберлік байқаспақ. Өзге үш спортшының қарсыластары алдағы жеребе тарту рәсімінде анықталмақ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ