Қазақстандық велоспортшы Дамир Көшеев «Қазақстан – ұлы тұлғалардың отаны» ұранымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстанды айналып шығуды жоспарлаған.
Сапар барысында Қалбатау ауылына тоқтаған спортшыны Жарма ауданының жас спортшылары ерекше ықыласпен қарсы алып, мейманның қызыққа толы әңгімесіне құлақ түрді. Бұл сапарын 12 қазан күні Алматы қаласынан бастаған Дамир Кушеев Өскемен, Семей, Павлодар қаласына дейінгі ұланғайыр ұзақ жолды велосипедпен жүруді жоспарлаған.
Дамир Кушеев велошеру арқылы Отанға деген сүйіспеншілігін танытып, бір жағынан салауатты өмір салтын насихаттауды көздесе, екіншіден еліміздің әсем табиғаты, бай тарихын танып білу, яғни туризмді дамыту мақсатын алға қойып отыр.
Қатал күз бен түрлі ауа райы сынақтарына қарамастан, ол екі айдың ішінде Қазақстанның тоғыз өңірін аралап, жалпы алғанда бес жарым мың километрді айналып өтуге дайын.