Екі жылдан бері ерекше назар аудартып, өңірді өзгелер жыл сайын емес, қажет болса уақыт жиілігін жақындата отырып ағылып келетін деңгейге жеткізу үшін жоспарлы әрекеттің қалай қолға алынып жатқандығы айтарлықтай қызық. Қараны ақ, ақиқатты жалған деп сынықтан сылтау іздеп, сынау емес, қайта атылған оқтай адырнадан шыққан сөздің қалай іске асып жатқандығын білу біршама маңызды еді. Бұл ретте бірқатар сауалдарды жинақтап, оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарды негізге ала отырып, аудан әкімдігіне сұраухат жіберген едік.
Статистика сөйлейді
Бірі – Катонқарағай мен туризмді біте қайнасқан сөздер десе, бірі қазіргі уақытта екпіні еңкейіп тұрған марал шаруашылығының маңызына үңілуді жөн көреді. Алайда бұл жолы туризмге аз-кем тоқталуды құп көрдік. Алдымен сандарды сөйлетер болсақ, өткен жылы ауданға 11780 турист, ал одан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 12760-ты көрсеткен. Статистикаға сүйенсек, былтыр тынығушылар саны 8%-ға азайыпты. Бұл аз ба, көп пе? Себебін білу үшін бас қатырып, қиял құсын қияға ұшырудың қажеті жоқ, көптің көңілін күпті қылған COVID-19 барлық жоспардың күл-талқанын шығарды. Осыған сәйкес былтыр атбасын бұрған 11780 адам тек республика өңірлерінен келгендер. Сәл ойлансақ, көршілес елдер мен шет мемлекеттерден әр жылы 1000-ға жуық тынығушы атізін салады екен.
- Ауданда «Рахман қайнарлары» шипажайы, «Ұзақ өмір сүру оңалту орталығы», 12 панты шипажайы және 17 қонақүй (12-сі шағын қонақүй) қызмет көрсетеді, - дейді аудандағы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміндегілер.
Жабырқатқан жауаптан соң
Жарты миллиард ақша жөнінде тағы да ой қозғауға мәжбүрміз. 2019 жылы аудан орталығында өткен «Катонқарағай ауданының болашағына саналы көзқарас» атты инвестициялық форумында «AITAS.KZ» АҚ директоры Серік Толықпаев аудан әлеуетін арттыру мақсатында өз қаржысы есебінен 500 млн теңге бөлгенін жеткізген еді. Әр жылы 50 млн теңгенің игерілуін басшылыққа алған. Ол он жылды қамтыса жарты миллиард теңге іске жаратылып бітуі тиіс. Едәуір қомақты қаржының орнымен жұмсалуын аудан әкімдігі мен тиісті мамандар жіті бақылауларына алғандары сөзсіз. Дегенмен сол 50 миллион теңге былтыр қалай игерілді деген сауал туындаған болатын. Бұған аудандық ішкі саясат, мәдениет бөлімінің басшылығы төрт бағыт бойынша 33,4 млн теңге жұмсалатындығын алға тартты. Бұл 2020 жылдың қараша айында берілген мәлімет болатын. Сонда жыл аяқталуға таяғанда 33 млн теңгеден астам қаржының әлі игерілмегендігі көңілге кірбің мен күдік ұялатқандығы рас. Ендігі сұрақ аталған қаржы қалай жұмсалды деген сипатта-тұғын. Себебі жыл көлемінде нақты бір істің шеті шықпауынан сауалдың келесі баспалдағына көтерілу қисынсыз еді.
- 2020 жылы 117 млн теңге жалпы сомасына аудан брендінің тұжырымдамасын әзірлеу, туризм субъектілеріне арналған оқыту бағдарламалары, жұмыс істеп бес шағын қонақ үйге грант түріндегі қолдау, қолөнер және этномузыка әлеуетін талдау, аспазшылардың біліктілігін арттыру бойынша курстар, жас туристер станциясы үшін жабдықтар сатып алу, ауданда «ACT» туроператорының өкілдігін ашу, Катонқарағай ауылындағы шіркеуге жанармай құю станциясын әзірлеу және қайта құру бойынша іске асырылды, - дейді аудандағы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанар Сәрсенбаева.
«Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры қаржысы
№ |
Қаржы мөлшері |
Жұмсалатын бағыты |
1 |
7 млн теңге |
COVID-19 инфекциясына қарсы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алу |
2 |
7 млн теңге |
«Олимп» клиникалық-диагностикалық зертхананы гранттық қаржыландыру |
3 |
70 млн теңге |
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің стандарттарына сәйкес екі мектепті жабдықтауға жұмсалды |
Берілген жауап осындай. Меценат бөлген ақшаның қалай игерілгендігі реттілікпен берілмесе де бірқатар шаруаның шеті шыққанын аңғаруға болады. 33 млн теңгені қайта жазудың қажеті жоқ болар, бастысы, 120 млн теңгеге жуық қаржыға бірқатар жұмыс біржақты етілген екен. Ал «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры есебінен игерілуге бөлінген 84 млн теңге қай бағытта жұмсалмақ?
№ |
Жұмыстың бағыты |
1 |
Қысқы туристік өнімдерді барлау |
2 |
Туризм мектебінің оқыту бағдарламалары |
3 |
Шағын қонақүйлер мен қолөнер шеберлерін қаржыландыру |
4 |
Туризм бойынша ақпараттық анықтамалықтар әзірлеу |
5 |
Ауданның туристік өнімдерін насихаттау |
6 |
Туристік фестиваль өткізу |
7 |
Катонқарағай ауылындағы Покров шіркеуін қалпына келтіру |
8 |
Отбасылық дәмхана ашу |
9 |
Қалалық деңгейдегі киім дүкені мен балалар стоматологиясы кабинетін бірлесіп қаржыландыру |
10 |
Жаяу жүретін туристерге арналған екі экологиялық маршрут ашу |
Кесте түрінде ұсынсақ 85 млн теңгеге жуық қаржы осы 10 бағытқа жұмсалатын көрінеді.
Шынымен шикізат өндіре ме?
Ендігі ауданды еліміздегі ең алғашқы шикізат өндіретін аймақ атандыру хақында. Екі жыл бұрын өткен форумда бұл мәселе де қозғалған-тұғын. Сұраққа берілген жауаптары нысананың сегіздігіне тиді деген жөн болар. Алыстан орағытып ұсынған мәліметте ауыл шаруашылығы жөнінде нақты сандар сөйлеп тұр.
- Өткен жылғы статистикаға сәйкес аудан бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 780 млн теңгені көрсетті. Қазіргі уақытта өңірде сүт өңдеу, шикі сүт өндіру, сиыр етін өндіру, жоғары сапалы және экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру бойынша бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Ауданда мал терісін өңдеу саласын дамыту әлеуетті көрінеді, - дейді жауапты тұлғалар.
Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына негіз болар деп «Самай өндірісі» ЖШС базасында тәулігіне 15 тонна сүт өндіретін зауыт ғимаратын қайта құру жобасын қолға алмақ. Ал ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында соя, жаздық рапс және күнбағыс будандары сияқты тиімділігі жоғары және экспортқа бағытталған дақылдарды өндіру мақсатында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға бағытталған жобалар іске асырылатын көрінеді. Қауырт тірлік қашан басталатындығы жөнінде ақпар ұсынылмады. Осыған дейінгі берген сұраухат жауабында этноауыл құрылысы туралы жарқын жоспар құрылғандығын жар сала жазған еді. Әйтсе де былтыр берген жауап қайта ұсынылды. Жамбыл ауылында қолға алынады деген жұмыс сол беті тоқтап тұр. Тоқтап емес, басталмаған-ау, сірә.
- Этноауыл құрылысы жоспарланған болатын, десе де карантин шараларына байланысты жұмыстар тоқтатылды. Жамбыл ауылындағы бос үйлер бұзылып, орындары тазаланды, сондай-ақ ескірген қоршаулар жаңаланды, - дейді бөлім басшылығындағылар.
Тек Жамбыл ғана емес, Берел ауылына да көңіл аударылып отыр екен. Аудан әкімдігіндегілердің айтуынша, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасымен бірлесіп, Берелде ауылдық туризмді дамыту жоспарға енген.
***
Катонқарағайлық кейбір тұрғындардың туризм арқылы өңір әлеуетін өрлету - жемес астан үміт етумен тең екендігін еңсесін түсіріп айтқандары жоспарлы жұмыстың уақтылы атқарылмай жатқандығын аңғартқандай. Аудан басшылығының бір білгендіктері бар шығар. Осы жолы ұсынған сұраухат жауабында осыдан бес-алты жыл бұрын салынуы мүмкін деген әуежай құрылысы жайлы ақпарат ұсынған еді. Алдағы сандарда ол жайлы бөлек мақала жарық көрмек.
Әділхан ЕСІМХАНОВ