Жарық жайы жабырқатты

536
көрілім

Күршім ауданына қарасты Ақши ауылының көшелері жарықтандырыла ма?

"Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл ішіндегі көшелердің барлығын жарықтандырып беруге уәде еткен билік уәдесін орындамай отыр" дейді Күршім ауданына қарасты Ақши ауылының тұрғыны. Орталық көшеге орнатылған бірнеше дана көше шамынан басқа жарықтандырудың жайластырылмағанын алға тартқан оқырманымыз ауылдың қалған бөлігінің көзге түртсе көргісіз қараңғылыққа шомғанын айтады. Десек те жергілікті билік аталмыш ауылдың жарық жайы әлі де назардан қалмағанын, алдағы уақытта жайластырылатынын хабарлауда.

Тозығы жетті

- Осыдан бірнеше жыл бұрын осы мәселемен газет редакциясына хабарласқан едім, - дейді Ақши ауылынан қоңырау шалған Ахметбек (аты-жөні өзгертілген) есімді оқырманымыз. - Ол кезде "осының аузын жабайықшы" дегені ме, білмедім билік менің үйімнің маңына бірнеше көше шамын орнатып берген еді. Орталық көшедегі медициналық пункт маңы ғана жарықтандырылып, қалған жерінің қап-қара екендігі ыңғайсыз екен. Қыс көзі қырауға айналған шақта кәрі-құртаң мен бала-шағаның жүріп-тұруы қиынға соғып отыр.

"Біраз уақыт бұрын ауыл ішіне қосымша жарық бағандарын орнатып, көшелеріңді жарықтандырып береміз" деген уәде әлі күнге дейін орындалмағанын айтқан ауыл тұрғыны алдағы уақытта аталмыш мәселенің бір жағына шығар-шықпасын білгісі келеді.

- Кеш қарая мектептен қайтатын балаларымызды сиыр сүзіп, я болмаса қаңғыған ит қауып ала ма деп қорқамыз, - дейді ауыл тұрғыны. - Барының өзі кейде жанып, кейде жанбай қалатын болды. Қысста боранды күндері мүлдем жарықсыз қалатын кездеріміз де жоқ емес. Біздің осы мәселемізді шешіп берер билік бар ма екен?

Бес шам орнатылады

- Қазіргі уақытта Ақши ауылында 7 дана көше шамы бар, - дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев. - Аталған ауылдағы екі атаусыз көшенің бірінде 4, енді бірінде 3 дана жарық шамы орнатылған. Көше шамдары 2008 жылы 200 мың теңге көлеміндегі қаражатқа орнатылған.

Аталмыш ауылда аталған екі көшеден басқа көшенің жоқ екенін алға тартқан жауапты тұлға, ескірген электр желілері мен жабдықтарын күрделі жөндеуден өткізу үшін қазан айында конкурс өткізу жоспарланғанын айтады. Қыстың аязы мен боранына төтеп берердей күрделі жөндеуді қажет ететін электр шамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары қараша айында жүргізілетін болады.

- Ақши ауылының көшелерін жарықтандыру бойынша қаражат қарастырылған, - дейді аудан әкімінің орынбасары. - Қалғұты ауылдық округіне қарасты 4 елді мекенді жарықтандыру бойынша "Шығысэнерготрейд" ЖШС-мен келісімшарт жасалған. 2007 жылдан бері көше шамдары іске қосылған. Округ бойынша 129 шам бар. Оған қоса 2020 жылдың масуым-шілде айында Ақши ауылына қосымша 5 дана шам орнатуға қаржы қарастырылған.

Бұдан бөлек, 2019 жылы Күршім ауданының төртінші деңгейге көшкен Күршім, Марқакөл, Қалжыр, Боран, Сарыөлең сияқты 5 ауылдық елді мекендерін абаттандыруға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 50 009,6 мың теңгеге бюджеттік өтінім өткізілген. Қаржы бөлінген жағдайда жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілмек екен.

***

Әрине, орнатылғанына он жыл болған жарық шамдарының тозығы жететін кез болды. Десек те, желілері жаңартылғанымен қосымша жаңадан орнатылатын бес дана жарық шамының ауылы әлі де алыста сияқты. Бюджеттік өтінімнің орындалуына екі жыл түк болмағанымен, жыл сайын жайлы жаққа үмітпен қарайтын ауыл тұрғыны үшін аз уақыт емес. Онсыз да орнында қопақтап отырған ауылдықтарды ертеңгі күні орнынан қозғайтын себептердің бірі осы болуы да ғажап емес…

Айсұлтан АЗАМАТ