Өскемен гарнизонында мерзімді әскери қызметтегі қызметшілердің әскери ант беру рәсімі өтті.
Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімде 200-ден астам сарбаз әскери ант қабылдады.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында гарнизон жеке құрамының қатары еліміздің түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдермен толықты. Әскер қатарына жаңа қабылданған жас сарбаздар бір айлық қызмет кезінде жас жауынгер курсынан өтті, бөлімшенің тарихымен және дәстүрлерімен, сондай-ақ қару-жарақ пен техниканың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысты. Сонымен қатар, саптық, мемлекеттік-құқықтық және атыс даярлығының негіздерін үйренді.
Командирлер мен өз жолдастарының алдында әскери ант беру – әр азамат үшін ерекше есте қалатын сәт.
– Әскери ант өмірде бір рет беріледі. Осы сәт азаматтың бойында ел қорғау жолында адал болуға, әскери борышын мүлтіксіз орындауға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жауапты, әрі есте қалар керемет сәт, – деді Өскемен қаласының механикаландырылған бригадасына Ақмола облысынан әскерге шақырылған қатардағы жауынгер Артур Шауберт.
Салтанатты рәсімнен кейін мерзімді қызметтегі сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінің элементтері бар қойылымдар көрсетті.
Өскемен гарнизоны бастығының орынбасары майор Абзал Тәждинов әскери бөлімдер жылда сарбаздармен толығатынын, Отан алдындағы абыройлы борышын өтеу де нағыз патриоттарға тән екенін атап өтті.
Тәуелсіз елдің ұрпағы қашанда туған жердің көк байрағын желбіретіп, Отанға адал қызмет етуге дайын.