Жас сарбаздармен өткен салиқалы кездесу

1400
көрілім

Өскемен қаласы №49 мектептегі «Жас сарбаз» сыныбының оқушыларымен «Мақтан ететін тұлға» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараны механикаландырылған бригададағы әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі мен №49 мектеп басшылығы ұйымдастырды.
Оқушылардың бойында Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жастардың бойында патриоттық сезімдерді қалыптастыру мақсатында өткен жиында жас сарбаздықтар материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының рота сержанты3-ші сыныпты сержант Аслан Бейсенғалиевпен кездесті.
Аслан Бейсенғалиев Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол қызмет еткен жылдары ІІІ, ІІ және І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», ҚР ҚК-де 20 жыл, 25 жыл қызмет еткен медальдарымен наградталған. Жұбайы Қаламқас Ақкөзова екеуі, үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
-    Мұндай мән-мағыналы, «Мақтан ететін тұлға» тақырыбындағы рухани күш беретін кездесулердің оқушылар үшін маңызы зор. Отбасында және қоғамда жағымды психологиялық жай-күйді қалыптастырып, біздің жас сарбаз сыныбының оқушыларына берер әсері де мол, – деп атап өтті мектеп директоры Айгүл Қадырова.
Кездесуде  әскери қызметші қызметтің қыр-сырларымен, қызығын айтып, жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты жалғастырып, жас сарбаздарға жол сілтеп, ақылымен бөлісті. Оқушыларда өз кезегінде көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, тұшымды жауап алды.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі