Жас ұрпақ жаһандану құрдымына жұтылып кетпеу үшін не істеуіміз керек?

1577
көрілім

Бүгінгі таңдағы дүрбелеңді дүниеде ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалу қаупінің қылаң беруі өзекті мәселе. Оның алдын алудың бір жолы – жас буынның заманауи технологияға деген қызығушылығын тәрбие мақсатына ұтымды пайдалана білгеніміз абзал. Ұлттық руханиятымызды заманауи технологиямен үйлестіре ұсынсақ - ұтарымыз көп. Енді осы бағытта жүзеге асырылған бірқатар жаңа жобаларымыз туралы аз-кем айтсақ.

Ұл-қыздарымыздың жаны мен тәнін тәрбиелеуде ұлттық ойындарымыздың пайдасы айырықша. Біз осы бағытта шараға келген балаларды асық ату, тоғызқұмалақ, бестас ойнауға тартамыз.

3D принтермен табиғи асықтан айнымайтын ойын асықтарын да жасадық. Сонымен бірге, VR асық ату үлгісін жасап, ұсындық. Балалар кітап ордамыздың төрінде орнатылған ұлттық VR Киіз Үйіміздегі заманауи технология арқылы VR асықты қызыға ойнайды. Әлбетте, ең әуелі киіз үйіміздегі бата беру, жеті ата шежіресі, ұлттық ойындар туралы кітап көрмелерін таныстырамыз. Жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуді жалғастыру бағытында «Ата-Баба дәстүрі – ХХІ ғасырда» атты тағы бір жаңа жобамызды ұлу жылында бастаймыз.

Кітапханамыздың «Балалар бөлімі» демеушілердің қолдауымен мультстудия және сенсорлы үстелмен жабдықталды. Ұл-қыздарымыздың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін осы заманауи технология арқылы түрлі шаралар ұйымдастырамыз.

Сенсорлы үстел - ерекше үйретуді қажет ететін балаларымызға арналған. Оларға алуан түстерді ажыратуды, санауды және әріптерді үйретеміз. Басқа да жан-жақты дамытуға арналған ойын түрлерін ұсынып, көңіл-күйлерін көтереміз. Сенсорлы үстеліміздің қызықтарын көріп, үйрену үшін балақайлар Ата-Аналарымен жиі қонаққа келеді.

Осы балалар бөліміндегі мульстудиямызда мультфильм түсіру де жас оқырмандарымызға ерекше ұнайтындығын аңғардық. Әрине, ол үшін алдымен өздері қалаған кітаптарды оқып, ұнаған әңгімені, немесе ертегіні таңдауды ұсынамыз. Осыдан кейін таңдаған шығарманы өзара талдайды. Кейіпкерлер қандай киім кию керек, оқиға қандай жерде өрбуі керек, ол жердің табиғаты қандай болуы керек және. т.б. ой-пікірлерін ортаға салады. Мультфильм оқиғаларының суреттерін салу, немесе ермексаздан жасау кезінде керекті түстерді және бояуларды таңдайды. Кейіпкерлердің мінез-құлқын көрсетіп, көңіл күйлерін қалай жеткізу керектігі туралы өзара пікірлеседі Осылайша, ұл-қыздарымыздың ойлау, қиялдау қабілеттерін арттыруға ықпал етеміз. Сөздік қорын байытып, көркем сөйлеуге машықтандырамыз. Сурет салу арқылы саусақ қимылдарын жетілдіреміз. Яғни, мультфильм түсіру арқылы балаға заманауи техника тілін үйретіп, кітап оқуға тартумен бірге жан-жақты дамытамыз. Бүгінгі таңда мультфильм түсіруге талаптанған жастар ауылдардан да хабарласатыны біз үшін қуаныш.

Жастарды кітап оқуға және заманауи технологияны меңгеруге тартудағы тағы бір ұтымды тәсіліміз - VR Киіз үйіміздегі көзілдірік. Жастар заманауи көзілдірікті киіп, туған өлкемізге қашықтан саяхат жасайды. Шара тақырыптарына орай республикалық мұражайларға да VR саяхаттар ұйымдастырып тұрамыз. Кітапхана мамандары жасаған танымдық тақырыптардағы VR локацияларды көрсетеміз. Түрлі ойын қызықтары тағы бар. Әрине, ең бастысы тақырыптарға байланысты көркем және деректі кітаптарды таныстырып, оқытамыз.

Балаларды жан-жақты дамыту мақсатында геймификациялық ойындардың маңызы да ерекше. Шаралар барысында осы үлгідегі ойындарға балалардың ықыласпен белсенді қатысатындықтарын байқадық. Сондықтан, танымдық-тақырыптық бағыттағы геймификациялық ойындарды да ұдайы ұсынамыз. Бұл тәсіл арқылы жастар түрлі деректерді жадында жақсы сақтап қалатынына көз жеткіздік. Тіпті, геймификацияда айтылған деректерге байланысты кітаптар тауып беру туралы сұраныстар да көп болады.

Жас буынды ұлттық құндылықтарымыз арқылы тәрбиелеп, ұлттық болмысын сақтау мақсатында басқа да заманауи үлгі-тәсілдерді дамытуды жалғастырудамыз.

Таңнұр Башай