«Жас жігерге» 10 жыл!

515
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Қазіргі таңда елімізде БАҚ мамандарын жиырмадан астам жоғары оқу орындары даярлауда. Шығыс Қазақстан соның ішінде, Өскемен қаласында да 70 жылдық тарихы бар С. Аманжолов атындағы ШҚУ – дың Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы да 2001 жылдан бастап, қазақ тілді журналист мамандарды даярлап келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Университет қабырғасында маман даярлаудың тиіміділігін арттырудағы ізденістер аз емес. Журналистика мамандығының өз ерекшелігіне байланысты теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың маңызы зор. Осы мақсатта 2006 жылдан бастап, «Жас журналист» үйірмесі құрылды.

Үйірменің баспасөз бағытының басты жетістігі – 2014 жылы ақпаратты-танымдық бағыттағы «Жас жігер» ақпаратты-танымдық газетін шығару болды. Негізгі авторлары жастар болғандықтан, атауы да «Жас жігер» деп аталған. Басылымның ұраны көсемсөз шебері Ахмет Байтұрсынұлының: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөзімен алынуы да жайдан жай емес. Осы басылымды шығара жүріп білім алушылар ертең өндіріске араласқанға дейін өмірлік тәжірибе жинақтайды. Қарапайым тілшіден бастап, редактор, дизайнер, фотограф ретінде сынауда. Басылымның бірінші саны 2014 жылы 12 ақпанда тіл білімінің білгірі, ғұлама ғалым Сәрсен Аманжоловтың 110 жылдығына арналып шыққан болатын.

                                          

Ал бүгін «Жас жігер» газеті өзінің алғашқы он жылдық мерейтойын атап өтті. Мамандық эдвайзері, сениор-лектор Бекбосынова Гүлмира Ахметқалиқызы мен сениор-лектор, ф.ғ.к., Берікболова Әсел Жұмағалиқызының ұйымдастыруымен мерекелік жиын өтті. Мерейтойға кафедра оқытушылары, түлектер мен студенттер қатысты. Шара шымылдығы әуезді әнмен ашылды. «Жас жігер» тарихына шолу мақсатында арнайы дайындалған видеоролик көрсетілді. Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының меңгерушісі Барбосынова Қарлығаш Түркістанқызы басылымды мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Жас жігер» газетінің кезекті мерекелік шығарылымы да көпшілік назарына ұсынылды. Кездесуге келген AMАNАT партиясы ШҚО филиалының баспасөз қызметінің жетекшісі Таттімбек Асханұлы, облыстық «Менің өлкем» газетінің бас редакторы Талғатжан Мухамадиев пен шығарушы редакторы Әділхан Есімханов сынды белгілі түлектер студенттік естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді. Мерекелік жиын соңында «Оқыту сипатындағы «Жас жігер» ақпаратты-танымдық қолжазба газетінің тарихи жолы» әдістемелік кітабының тұсауы кесілді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп дөп басып айтқан еді. Бір газеттің негізінің қалануында 10 жыл аз да, көп те уақыт емес. Ендеше «Жас жігерді» мерейлі 10 жылдығымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Қымбат МУХАМАДИЕВА