Қоғамда түрлі тәртіпсіздік болады. Соны реттеп, тентектердің шалдуарлығын тыя білетін тәртіп сақшылары әр күні әралуан жағдаймен ұшырасады. Редакция тілшісі жуықта солардың қауырт тірлігімен танысып қайтты. Қысқасы, өзімізді бір күн бойы погондағы журналист сезіндік.
Журналистердің негізгі құралы қалам болса, полицейді айқындап тұратыны – қызметтік форма. Қоғамдық жерлерде жүріп тәртіп сақшысын көріп қалсақ, заңды еске түсіре бастаймыз. Көлікпен келе жатып кездестірсек, «құжаттарым түгел ме екен?» деп сасқалақтайтынымыз өтірік пе? Осынау мамандықтың іштей бөлінетін бағыты көп. Ал біз күні бойы кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша инспектордың жанында болдық.
Көпшілікке мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қазақстан халқына Жолдауында жасөспірімдердің нашақорлық, бұзақылыққа бой алдырмауларына баса назар аударады. Демек, ел болашағы – жастардың қолында деген түсініктің бір шеті осымен астасып жатқандығы анық.
Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар жұмысының көп бөлігін профилактикалық жұмыстарға, мектептерде дәріс өткізуге, аз қамтылған отбасыларға және ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдерді қадағалауға жұмсайды.
Өз жұмыстарының қыр-сырымен таныстыру үшін жанымызда полиция лейтенанты Ақерке Серікханқызы, Ертіс полиция басқармасы ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы Жанелл Қабидолдина және учаскелік полиция инспекторы Жанәділ Ертайұлы болды.
Полиция лейтенанты Ақерке Серікхан өзіне тиесілі учаскесіне барлау жасаған соң Аблакетка шағын ауданындағы аз қамтылған отбасыларға тексеріс жүргізу жұмысын бастап кетті. Өскеменде тұрмысы нашар отбасылардың санын ғана емес, олардың әрқайсысының аты-жөніне дейін білетін инспектор өзінің қырағылығымен бірден көзге түсті.
– Біз әртүрлі отбасымен жұмыс істейміз. Көптеген жасөспіріммен сөйлесеміз. Әрқайсысының мінезі әр түрлі. Біздің тағы бір міндетіміз олармен жақсы қарым-қатынас орнату, – деді Ақерке Серікханқызы.
Біз ең әуелі тұрмысы нашар отбасылардың біреуіне тоқтадық. Бұл үйде екі баласымен бірге анасы тұрады. Онымен қоса арсалаңдаған үш итті байқадық. Ит адамның досы деп айтылса, сол үшеуінің біреуі 6-7 шамасындағы қаршадай қызды оңбай талапты. Құлақ-шекесінде үлкен тыртық байқалады. Баланың қалай таланғанын сұрап көріп едік, мардымды жауап ала алмадық. Бір есептен, қыздың анасы ішімдікке берілген, енді оны ата-ана құқығынан айырмақ. Инспектордың сөзінше, иттермен ойнап жүріп қауып алған. «Осыншама халге түскен адамға не ұғындыруға болады?» деген ойлар келді. Полиция қызметкерінің тағы бір айқындаушы аспектісі – тәртіп екендігі сөзсіз. Біз бұған қосымша, қамқорлықты да байқадық.
– Біздің полицейлер тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмек көрсетуге тырысады. Тіркеуде тұрған жасөспірімдермен және олардың ата-анасымен арнайы психолог мамандар жұмыс істейді. Өзіміз мүмкіндігіне қарай азық-түлік апарып жүреміз, – деді учаскелік полиция инспекторы Жанәділ Ертайұлы.
P/S: Олардың мақсаттары заңға қызмет ету ғана ма? Өмірін қызметке арнаған олар үшін жас ұрпақтың болашағы қашан да маңызды. Тәртіп пен жинақылықты ту еткен сақшылар әлі талай рет рейдке шығып, бұзақылықты болдырмас үшін көрер таңды көзбен атыратын сияқты.
Валентина ГЕОРГИЕВНА