Жастар арасындағы Әлем чемпионатына ел құрамасын аягөздік Қайрат Сатжанов бастап барды

4266
көрілім

2005 жылы Мәскеу қаласында өткен командалық Әлем кубогінде ел құрамасы жартылай финалда Кубаның азулы боксшыларына қарсы тұрып, 5:6 есебімен жіберген еді. Сол кезде соққы жұмсаудың сан қилы әдісін көрсеткен қазақ бокс мектебі талайды таң-тамаша еткен-тұғын. Әрине ол кезде ересектер сапы айтулы аламанға қатысып жүрген нағыз бабына енген сәйгүліктер іспетті еді. Қуанышқа орай, солардың ізін жалғар жас буын да қалың жанкүйер сенімін ақтап, ешкімге есесін жібермеуге дағдылануда. Соның бір дәлелі – Польшаның Кельце қаласында өткен жастар арасындағы жаһандық жарыс, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Соңғы санақ Кельцедегі халық саны 197 мыңға жуық дегенді көрсетсе, географиялық жағдайы теңіз деңгейінен 700 метр биікте орналасқан деп жазылған. Еліміздің бапкерлік құрамы шаһардың географиялық жағдайын ескере оқу-жаттығу жиынын да соған сәйкес өткізді. Боксшылардың бабына енуіне негіз болған алғашқы жайттардың бірі осы. Айтпақшы, кіл мықтыларды іріктеп, әр елдің «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген таңдаулыларына қарсы тұрар құрама жасақтау жастар арасындағы еліміздің аға жаттықтырушысы аягөздік Қайрат Сатжановқа жүктелді. Әлбетте, өзінен бөлек, өзге де бапкерлер тер төгіп, тактикалық тұрғыда олқылыққа бой алдырмаудың қамымен жүрді.

– Алғашқы оқу-жаттығу жиыны Түркістан облысындағы «Алма-тау» деген базада өтті. Ол жерді алу себебіміз – Кельценің географиялық орналасуы – теңіз деңгейінен 600-700 метр биікте, яғни таулы аймақта орналасса, Түркістандағы спорт базасы да соған ұқсас. Әлем чемпионаты алдында Шымкентте ел біріншілігін өткізген соң әзірлігімізді «Алма-тауда» жалғастырдық, – деген Қайрат Тұрсынханұлы біртіндеп әлем біріншілігі жайлы ойын ортаға салды.

Сонымен дүниенің әр түкпірінен 52 мемлекет сапындағы 474 боксшы сәуір айының алғашқы онкүндігі тәмамдалар тұста Кельцеде бас қосты. Көңілі қобалжып, шаршы алаңға көтерілерде жүрегі атқақтаған жастар қаншама?! Кемі жартылай финалға шықпаса, жүлденің ауылы алыс. Қайрат Тұрсынханұлының сөзінше, барлық боксшының бабы келісіп-ақ тұрды, тек кейбірінің жекпе-жегіне қатысты төрешілердің бұра тартуы қойылған жоспарға біршама өзгеріс енгізді. Соның бірі 81 келіге дейінгі салмақтағы семейлік Ерасыл Жақпеков пен атыраулық Аманат Сабырғалиға (91 келі салмақтан жоғары) жасалған бармақ басты, көз қыстылық әрекеті бапкерлер тұрмақ, көрермендер көзіне де оттай басылды. Екеуі де осыған дейін Азия чемпионатының алтынын иеленген өрендер. Алайда төрешілер тарапы әділдікті белден басып, құрама үздіктерінің кей соққысын есепке алмай, сәтті түссе сүріндіруге тырысқандары жекпе-жек қорытындысынан-ақ байқалды. Ерасыл салған жерден Кубаның қара торысы Брайан Леон Сальгадомен қолғап түйістірді.

Төрелік еткен бесеудің қатарында Армения, Израиль, Йордания, Үндістан және Ресей елдерінің өкілдері болды. Алғашқы раундта ресейлік төрешіден басқасы Сальгадоның мықтылығын мойындады. Мейлі, алда әлі екінші-үшінші раундтар бар. Аягөздік бапкер осы раундтар Жақпековтың айрықша басымдығымен өткендігіне шек келтірмеді. Жерлесіміз сериялық соққыларды жиі жұмсаса, Брайан Леон ара-тұра ауыр соққысын бағыттаумен шектелді. Дегенмен екінші раунд қорытындысына қарап, жеңіс үшін тек нокау қажет екенін байқадық. Себебі үш төреші толық басымдыққа Сальгадо ие боп тұрғанын көрсетті. Соңғы раундта кубалық спортшы әбден шаршап, қашқалақтаумен жүргенде Жақпеков айқын басымдыққа ие болды. Алайда төрешілер шешіміен жеңіс қарсылас қоржынына кетті.

– Осы текетіресте әділетсіздіктің лебі сезілді. Соған байланысты бапкерлік құрам болып наразылық білдірген едік, алайда сол кубалық жеңімпаз деп танылды. Біздің ойымызша, бірінші раунд Ерасылдың пайдасына шешілмесе де, қалған екі раундта шаршы алаңның төрт бұрышын қуалап жүріп ұрды. Кубалық айласын асырса, әрі қарай тұғыр сатысының ең биігінен орын алар ма еді, – деді аягөздік бапкер.

Жалпы, ел құрамасы мынадай құраммен (кестеде) өнер көрсетті: Санжар Ташкенбай (49 келі, Нұрсұлтан қаласы), Кенже Мұратұлы (52 келі, Алматы облысы), Ерболат Сабыр (56 келі, Павлодар облысы), Елнұр Сүйінбай (60 келі, Жамбыл облысы), Сабыржан Аққалықов (64 келі, Қарағанды облысы), Нұржан Аманелді (69 келі, Алматы облысы), Диас Молжігітов 75 келі, Жамбыл облысы), Ерасыл Жақпеков (81 келі, ШҚО), Мәди Әміров (91 келі, Алматы қаласы), Аманат Сабырғали (+91 келі, Атырау облысы).

Мейлі, 81 келі (52 келіде Кенже Мұратұлы да сүрінді) мен ауыр салмақта жүлде бұйырмады, қазақ бокс мектебінің тәлім-тәрбиесін көрген жеті спортшы жаһанның таңдаулыларына қарсы тұруға асығып, тыпыршып тұрған-тын. Сөйткенде алғаш болып 49 келіге дейінгі салмақтағы Санжар Ташкенбайдың ұмтылысы көрер көзді сүйсінтті. Раунд сайын қарқынын үдеткен боксшы алғаш болып жартылай финалға өтті. Оның ізін ала Ерболат Сабыр, Елнұр Сүйінбай және Сабыржан Аққалықовтар да ұпайдан шашау шығармай, шын мықтылықтарын байқатты. Ерболат та, Сабыржан да ширек финалда кубалықтарды (Иван Родригес Хорта, Дариан Хавьер Кастро) осал тұсын таба білді.

– Жоспарға сәйкес сегіз спортшы жартылай финалға шыға ма деп ойладық, одан бөлек, сапалы оқу-жаттығу жиындарын бағамдап үш алтын медаль иеленеміз деген сенім болды. Мұның артында командалық есепте топ жару мақсаты тұрды. Алайда жартылай финалға бес спортшымыз жолдама алды, – деді Қайрат Тұрсынханұлы.

Жерлесіміз еліміздің жастар құрамасын әлемдік аламанға биыл тұңғыш рет бастап барды. Бапкерлер тізе қосып, «чемпион болуға әрбірің қауқарлысыңдар» деген сөзді жиі айтып, жігерлерін жани түскендері рас. Осы жерде 75 келіге дейінгі салмақта Диас Молжігітов төрешілер шешімімен ресейлік Михаил Усовқа жол берді. Қоржынға қола жүлде түсті. Жарыс жолында төрт боксшымыз қалды. Шешуші сында Санжар Ташкенбай мен ресейлік Роберт Бадалян жолықты. Алғашқы раундтардан-ақ анық байқалды, Қайрат Сатжанов шәкірті Робертке қарағанда әлдеқайда алымды, әр соққысы діттеген жерінен табылып жатты. Кездесу соңында Еуропа чемпионына еш мүмкіндік қалдырмай, алғашқы алтынға ие болды! Ерболат Сабыр Үндістанның үміті Сачинмен қолғап түйістірсе, 60 келідегі Елнұр Сүйінбай жүлдеден үміт жапон Рейко Цуцумидің әуселесін байқады. Амал нешік, қос салмақта да қазақстандықтардың емес, қарсылас қолы көтерілді. Әзірге ел қоржынында бір алтын, екі күміс медаль. Ендігісі 64 келіге дейін дәрежелегі Сабыржан Аққалықовтың кезегі. Украинадан келген Бозорбой Матякубовпен өткен шешуші сын толыққанды біздің боксшының басымдығымен өрбіді! Алма-кезек жұмсаған соққысы төрешілер назарына ілігіп, жеңіс бірауыздан Сабыржанның пайдасына шешілді. Мінеки, ел құрамасы екінші алтын медаліне қол жеткізді!

Осы нәтижеден соң жастарымыз алға тек ресейліктерді ғана жіберіп, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан (екі алтын, екі күміс және бір қола) өрінді. Өзбекстан елінен келген боксшылар екі алтын, екі қоламен жүлдегерлер үштігін түйіндеді.

***

Ресми деректердің өздері жастар сапы көрсеткен ең үздік нәтиже деп, екі алтын және екі күміс медаль иеленген сәтті растайды. Бұл жолы сол нәтижеге бір қоламен қайта жаңарды. Қазақ бокс тарихында әзірге Кельцедегі бәсеке ең жемісті (жастар арасында) болып тұр. Нәтиженің жаңаратындығына еш күмән жоқ. Бастысы, спортшылар мен жерлесіміз Қайрат Сатжанов бастаған жаттықтырушылар құрамының амандығы!