2020 жылы мамыр айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жердегі жоғары оқу орындарын күшейтуді тапсырып, санға емес, сапаға жұмыс істейтін кездің жеткенін қадап айтқан болатын. Биылғы наурыз айындағы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов Назарбаев университеті тәжірибесінде жаңа технологиялармен жарақтандырылған екі университет құрылатынын жеткізді. Сонымен қатар әр өңірден бір университет академиялық артықшылыққа ие орталыққа айналып, ғылым мен өндірісті ұштастыратын болады.
Жасыратыны жоқ, академиялық артықшылық ұғымы әзірге көпшілікке бейтаныс. Шын мәнінде мұның артықшылығы неде? Жұмыс барысы қалай болады? Бұдан өңірге немесе республикаға келер пайда қандай? Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Жасұлан Шаймарданов осы мәселеге жан-жақты тоқталып, егжей-тегжейлі айтып берді.
Біздің студенттер бәрін университетте үйренеді
- Жасұлан Құдайбергенұлы, бұл жоба жоғары оқу орындарына не береді? Қандай нәтиже күтеміз?
- Біз бүгінде цифрлы технология мен жаһанданудың төрткүл дүниеге ықпалын анық байқап отырмыз. Сапалы білім елдің өркендеуі мен экономиканың дамуының жарқын кепілі екендігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып жүр. Білім және ғылым министрлігі «Қуатты жергілікті оқу орындары. Академиялық артықшылық орталықтары» жобасын жүзеге асыруда. Бұл өңірлердегі 15 жоғары оқу орнына арналған, 4 миллиард теңге бюджеті бар, 4 жылға жоспарланған бірегей жоба. Бұл жобаның өзгешелігі, әр өңірде заманауи технологиялармен жабдықталған жергілікті экономикаға үлес қосатын, тікелей осы шаруамен шұғылданатын университет болуы керек. Осы тұста ерекше атап өтер дүние, мәселен, Батыс Қазақстан университеті академиялық артықшылық ретінде мұнай саласын, біз кенді аймақ ретінде тау-кен саласын басшылыққа алатын боламыз.
- Әрине, ШҚТУ Шығыстағы үздік университеттердің бірі. Жоғарыда айтқан академиялық артықшылыққа ие болу үшін қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?
- Біз Шығыс Қазақстан облысының даму бағдарламасын жан жақты, мұқият зерттедік. Онда қандай кәсіпорын ашылады, не өндіреді, қанша жұмыс орны, бәрі тайға таңба басқандай көрсетілген. Ең бастысы, біз осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандармен бетпе-бет кездестік. Мәселен, энергетиктер студенттермен сабақ өткізуге қолайлы құрылғылар тізімін өздері ұсынды. Металлургтермен де, машина құрастырушылармен де, геологтармен де осылай жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тұрғыда өңірдегі ірі компаниялар да бізге көмекке келіп, қандай құрылғылар алу қажеттігін айтып, ақыл-кеңестерін берді. Мұның пайдасы неде? Мәселен, біздің металлургия саласына жұмысқа баратын студенттеріміз алдын ала бәрін білетін болады. Кейін жұмыс істегенде қиналмайды. Өйткені, мұның бәрін университетте үйреніп шығады. Академиялық артықшылық дегенді өзім осылай түсінемін.
Ti-Ta-Nb құймасынан имплантанттар жасауды қолға алдық
-Қазір білім саласын, оның ішінде жоғары оқу орындарын сынға алатындар көп. Академиялық артықшылық осы сыннан құтқара ала ма?
-Қазіргі заман мүлде басқа заман. Құр сөздің емес, нақты істің заманы. Әлем, адамзат өзгеріс үстінде. Біз де өзгеруіміз керек. Бұрын әр пәтерде шылдырлаған телефон болса, бүгін бәріміздің қолымызда ұялы телефон. Қазір технология дәуірі. Әлемнің дамыған елдері өнім өндірудің 5-6 кезеңін игерсе, біз әзірге 4 кезеңіне жеттік. Біз «Өндіріс 4.0» стандарты бойынша жұмыс істей алатын мамандарды дайындауға тиіспіз. Бүгінде компьютерсіз күнің жоқ, сондықтан әр студент базалық цифрлы білім алуы керек. Есіңізде ме, бұрын сәулет-құрылыс факультетінің дизайнерлері қағаз пен қарындашты пайдаланатын. Қазір қолдарында планшет, бағдарламаның өзі суретті салып шығады. Олар кәсіпорынға барғанда өздері-ақ цифрлы жобаларды жасайтын болады. Әрине, бұл үшін жоғары оқу орнында барлық талаптарға сай келетін материалдық-техникалық база болуы қажет.
- Сонда ШҚТУ академиялық артықшылық ретінде тау-кен саласын таңдап отыр ғой.
- Әрине, Шығыс десе көрсе көз тойдыратын көркем табиғат қана емес, өндірісі дамыған өлке көз алдымызға келеді. Әлбетте Шығыс Қазақстан ежелден түсті металлургияның отаны. Облыс аумағында кен орындары мол шоғырланған. Кенді барлау ісі де, байыту ісі де жақсы жолға қойылған. «Қазцинк», Үлбі металлургия зауыты, Титан-магний комбинаты секілді әлемге әйгілі өндіріс орындары жұмыс істеп тұр. Еліміздің түсті металлургиясының 60 пайыздан астамы Шығысқа тиесілі. Біздің ШҚТУ осы алпауыт зауыттардың барлығымен тығыз байланыста. Осы өндіріс орындарына кадр дайындаймыз деп айтсам да артық болмас. Кен барлау дейсіз бе, кен өндіру дейсіз бе, металл өңдеу дейсіз бе, машина құрау дейсіз бе, IT, энергетика, құрылыс, экология, басқа да салаларға маман әзірлейміз.
Қазақстанда сапалы кадр дайындайтын аймақтық университеттер жоқ емес, бар. Алайда бұл аздық етеді. 15 университеттің базасында әр сала бойынша академиялық шеберлік орталықтарын құру материалдық-техникалық базаны жақсартуға, білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Академиялық шеберлік орталығы жобасына қатыспас бұрын да ШҚТУ жоғары технологиялық зерттеулермен айналысуға қауқарлы екендігін дәлелдеген. Осыдан үш жыл бұрын біз Ti-Ta-Nb құймасынан имплантанттар жасау жобасын қолға алып, оны коммерцияландыру сатысына шығардық. Республикалық травматология ғылыми-зерттеу институтында біздің өнімдер клиникалық сынақтардан сәтті өтті. Бүгінде өндіріс орындарынан сұраныс көп. Өйткені олар біздің ғылыми тұрғыда қолдауымыздың қажеттілігін сезінді. Университет осы орайда серіктестікті нығайтып, одан ары күшейте түсуге ниетті.
Шет елдік ғалымдардан үйренеріміз көп
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны бастаған кезде академиялық ұтқырлықтың маңыздылығына баса назар аударды. Аймақтық университет халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізе ала ма?
- Біз халықаралық серіктестерді бір қағида бойынша таңдаймыз: ол академиялық және ғылыми бағытта әлемдік рейтингіде үздік болуы тиіс. Мәселен, академиялық қызметте біз Батыс Колорадо университетімен ынтымақтастық орнаттық. Бұл оқу орны жер туралы ғылымы дамыған үздік 5 білім ордасының ішінен ойып тұрып орын алған. Ұзақ мерзімді серіктестеріміздің қатарына «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті, «Мәскеу энергетика институты» ұлттық зерттеу университеті, Қазан мемлекеттік энергетикалық университеті, Новосібір мемлекеттік техникалық университеті, Санкт-Петербург технологиялық университеті және басқа да көптеген жоғарғы оқу орындары кіреді.
Ғылыми-зерттеу саласындағы серіктесіміз – Массачусетс технологиялық институты робототехника мен жасанды интеллект бойынша көшбасшы. Бұл - әлемдегі ең үздік университет. 2020 жылы ШҚТУ Senseable City консорциумына кірді. Соның нәтижесінде қазір америкалық ғалымдардың қатысуымен Өскемен қаласы үшін аса маңызды мәселе ауа сапасын зерттеуді бастап жатырмыз. Кезінде MIT Нью-Йоркте осындай ғылыми жоба жасаған-тұғын, оларда ауа сапасын онлайн режимде талдауға арналған мобильді жабдықтар бар. Бұл жабдық бізге де жеткізілген. Аталған жоба 3 жыл бойы іске асырылады.
Ғалымдарымыз Алтай мен Колорадодағы жартасты таулардың пайда болуының геологиялық процестері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуде. Экология бойынша, атап айтқанда парниктік газдарға қатысты жобалар да бар. 2015 жылдан бастап ШҚТУ-дың серіктесі болған Colorado School of Mines тау-кен саласындағы QS WUR әлемдік рейтингінде бірінші орында тұр. ШҚТУ мен CSM геология мен тау-кен саласында бірлескен жұмыстарды қолға алуда. Бұл ынтымақтастық университетіміздің жоғары ғылыми деңгейде екендігіне тағы бір дәлел. Мұндай университеттер ешқашан төмен дәрежедегі жоғары оқу орындарымен жұмыс істемейді.
Халықаралық ынтымақтастық туралы көп айтуға болады. Жуықта ШҚТУ мен Делавэр университетінің «Ағылшын тілін оқыту және ғылыми коммуникация тілі» атты бірлескен жобасы АҚШ пен Қазақстан университеттері арасындағы серіктестік бағдарламасының грантын жеңіп алды.
-Университетте шетелдік мамандар аз емес. Бұл қаншалықты тиімді?
- «Тек өз кадрларымызға арқа сүйеу керек» деген пікірлер айтылып жатады. Бірақ футболды мысалға алар болсақ, трансфер жасаудың тиімділігін айқын көреміз. Командаға шақырылған дарынды шетелдік спортшылар өзгеге үлгі көрсетіп, уақыт өте келе жергілікті ойыншылар да сол деңгейге жетеді. Бізге шақырылған шетелдік ғалымдар алға қойған жоспарларымызды орындауға, туындаған мәселелерді шешуге жан-жақты атсалысады. Мысалы, интернационалдандыру жөніндегі проректор, профессор Абрахам Атта Огву – есімі әлемдік ғылыми қоғамдастыққа кеңінен танымал металлург-ғалым. Ол «Nature» беделді басылымына жариялаған мақаласында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ды өзінің жұмыс орны ретінде көрсетті. Мақала жаһандағы ең үздік материалтанушылардың бірі израильдік профессор Эдуард Бормашенконың назарын аударған. Эдуард Бормашенко Ариэль университетінде (Израиль) үлкен зертхананы басқарады. Енді оның ұсынысы бойынша біз бірлескен ғылыми жобаны қолға алдық. Студенттерді докторантураға оқыту үшін біздегі және Израильдегі зертханаларды пайдалану туралы ой бар. Металлургия саласындағы танымал профессорлармен бірге біздің оқытушылар бірлесе жұмыс істейді. Яғни, халықаралық бағдарлама біздің елде, ШҚТУ базасында жүзеге асырылатын болады.
Мықты аймақтық университеттерді қалыптастыру идеясы өте өзекті. Бұл жобаның Білім және ғылым министрлігінен қолдау тапқаны қуантады. Академиялық шеберлік орталықтары болған университеттер экономиканың өсу нүктесіне айналып, көршілес жоғары оқу орындарының дамуына ықпал етеді. ШҚТУ академиялық шеберлік орталығы ретінде бүкіл Қазақстанның, Орталық Азияның және Үндістанның студенттерін базалық мамандықтар бойынша оқуға қабылдай алады. Бұл жай ғана жоспар емес, нақты іске асырылатын жоба. Біздің магистранттар мен докторанттар қазірдің өзінде өндірісте қолданылатын өнімдер жасап шығаруда.
Жоғарыда импланттарды дамытудың сәтті жобасын мысалға келтірдім. Бүгін осы сегментте Қазақстанды өзге елдерден тәуелсіз еттік десек те болады. Отандық өндіріс стоматологияның, травматологияның, ортопедияның барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Осы секілді біздің жоғары технологиялық өнімдер ұсына алатын бағыттарымыз бір-екеу ғана емес. Ал сол жобалармен осы өлкеде туып-өскен жергілікті ғылыми қызметкерлер айналысуда.
Айта кету керек, жуықта ғана Шығыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасынан жақсы хабар алдым. Олар тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі академиялық шеберлік орталығы статусын алуға қатысты ШҚТУ-дың жобасын қарастырды. Олар бұл сапалы, бәсекеге қабілетті білікті кадрларды дайындауда аса маңызды жоба деген қорытындыға келіп, бірауыздан қолдау танытты.