«Жауап беру қиын»: Шемонаиха ауданының әкімі алпауыт зауыттың қазіргі мүшкіл жағдайына тоқталды

301
көрілім
Фотосурет Өңірлік коммуникациялар орталығынан

Аудан әкімі Григорий Акулов Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифинг кезінде Первомайский кентіндегі Ертіс химия-металлургиялық зауытының қазір қиын жағдайда тұрғанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көпшілікке мәлім, бүгінде мұнда біршама үй қаңырап тұр. Сайт тілшісі аталған кентке арнайы барғанда жергілікті жұрттың пікірін біліп, тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Солардың сөзінше, осы уақытқа дейін біршама шаңырақ Ресейге ат басын бұрған. Қазір кенттегі тұрғындар саны – 4000-нан асады. Бір жылдары Первомайскийде 15 мыңға жуық адам ғұмыр кешкені көп адамға тәтті түс сияқты. Ол кезде Ертіс химия-металлургиялық зауытының (ары қарай ЕХМЗ) ісі ілгерілеп, қаншама жұмысшы кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шыққан. Қазір соның ізі де қалмапты. Былтыр Өскеменде өткен жиын кезінде Шемонаиха ауданы әкімінің экс-орынбасары Алексей Ахаев ресми ақпарат ұсынып, ЕХМЗ жұмысын тоқтатқанын айтқан болатын. Оның басшылығы сол уақытта кәсіпорын жұмысын жандандыру үшін инвестор іздеп жатқан еді. Осы сұрақты аудан әкіміне де қойдық.

– Қазір бұл кенттегі демографиялық жағдай тұрақты. Бір есептен, Первомайский аумағында мектеп, «Востоксельхозпродукт» ЖШС қалыпты жұмыс істейді. Аталған серіктестікте 180-нен астам жұмысшы еңбектеніп жатыр. Одан бөлек, мұнда Қарттар үйі бар. Ал Ертіс химия-металлургиялық зауытының қазіргі жағдайына қатысты жауап беру қиындау. Неге десеңіздер, оны кепілден алу үшін әлдебір банктермен келісімге келу мүмкін болғанымен, жеме-жемге келгенде ымыраға келу қиындық туғызып отыр. Қазір зауытта тек күзетшілер ғана жұмыс істейді, – деді аудан басшысы.

Кезіндегі алпауыт зауытта тер төккендер қалай күнелтіп отыр деген сауал туындады. Григорий Акуловтың ақпаратынша, аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ды құрап отыр. Вакансиялар болса, әкімдік халықты бірден жұмыспен қамтып отырған көрінеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ