Жайлы демалысқа жайлылықпен

554
көрілім

Жаз шыға жайлы демалыс жайын ойлайтындар үшін Ұлан ауданының аумағында орналасқан Сібе көлдері таптырмайтын демалыс аймағы екені рас. Өскемен қаласынан бар-жоғы бір сағаттық арақашықтықта жатқан бес көл қазіргі уақытта өңіріміздегі облыс орталығына жақын туристік инфрақұрылымы дамыған аймақтың бірі саналады. Осы себепті, көл жағасына жету жолдары мен қандай демалыс орнын таңдау қажеттігін саралап көрдік.

Көл жағасына жеткенге дейінгі жол сапасы жақсы болғандықтан жүргізуші мен жолаушының қиындық көре қоймайтыны анық. Өйткені бірнеше жыл бұрын бұл жол жөндеуден өткен болатын. Алайда жол беті жақсы болғанымен оған жеткенге дейінгі жолсілтемелердің болмауы бұл аймаққа алғаш бара жатқан адамның біраз мазасын алатыны рас. Өйткені демалыс аймағына жетуді бағдарлайтын жол белгілері Алғабас ауылынан кейін ғана кездесе бастайды. Ал оған дейінгі бағдарды өзіңіз болжап табуға міндеттісіз...

Шешек асуындағы тосынсыйлар

Орналасқан жері: Самар тасжолының бойындағы Шешек асуы.

Назар аударыңыз: Бұл маңда жол белгілері уақытша орналастырылған. Белгілер бұл маңда қаланың ЖМК ауданын Самар тасжолымен қосатын жол құрылысы жұмыстарына байланысты орнатылған. Десек те, асуға сағатына 40 шақырымдық жылдамдықпен шығу ыңғайсыз. Дегенмен, қапталдан келген жүк көлігінің астына кіріп кеткенше жылдамдық режимін сақтағаныңыз абзал.

Кері қайтқан уақытта аталмыш жол бөлігінде орнатылған осындай жол белгісі жылдамдықты 500 метр қашықтыққа дейін шектейді. Ал көлге бет алған жүргізушілер үшін оның шектеу аралығы көрсетілмеген. Дегенмен, Өскемен қаласының аяқталғанын білдіретін жол белгісі мұндай шектеуді алып тастайтынын да қаперіңізде ұстаңыз.

Тасада қалған жол белгісі

Орналасқан жері: Самсоновка ауылының маңында орналасқан.

Ауылға қала жағынан кіреберісте "Басты жолдың бұрылуы" жол белгісі орналастырылған.

Аталмыш жол бұрылысы кең айналмалы болып келеді, сондай-ақ бұл жерде бұрылысты білдіретін жол белгісінің бетін ағаш бұтақтары бүркеп тұрғандықтан белгі тек оның қасына жақындаған сәтте ғана байқалады. Сол себепті бұл маңға жақындай бере көлігіңіздің бұрылысты білдіретін жарық сигналын іске қосқаныңыз дұрыс.

Оңға бұрылыңыз

Орналасқан жері: Алғабас ауылына апаратын жолға Өскемен-Самар тасжолының бойында орналасқан Мамай батыр ауылынан сәл асқанда түсесіз.

Бұл маңда Алғабас, Бозанбай ауылдарына бағыттайтын жол белгісі орналасқан.

Назар аударыңыз, Сібеге апаратын жолға түсу үшін Мамай батыр ауылынан асқандағы бірінші бұрылыстан оңға қарай бұрыласыз

Солға бұрылыңыз

Басып озуға тыйым салатын жол белгісі Тоғанас ауылының тұсындағы қауіпті бұрылысқа жетер-жетпес жерде орналастырылған.

Есте сақтаңыз: жол белгісінің тыйым салу аумағы да және осы тыйым салуды аумағының аяқталғанын білдіретін басқа жол белгілері де бұл маңда орналастырылмаған. Сондықтан тыйым салу аумағы Алғабас ауылына бұрылатын бұрылысқа дейін деп есептей беріңіз. Аталмыш бұрылыста басымдылық беретін жол белгілері орнатылғандықтан ары қарай басып озуға тыйым салатын аймақ аяқталады. Кері қайтқанда да осындай жағдай орын алған. Басып озуға тыйым салынатын аймақтың аяқталғанын білдіретін жол белгілері орнатылмай қалған.

Сондай-ақ, Сібе көліне қарай бағыт-бағдар беретін жол белгілері бұл маңда да орнатылмаған. Сондықтан бұрылысқа жеткенде Алғабас ауылына, яғни солға қарай бұрылуды ұмытпаңыз!

Шығаберісте жоқ

Алғабас ауылының кіреберісі мен шығаберісінде сізді тағы бір тосынсый күтіп тұр. Атап айтсақ, бұл маңда "жасанды ойлы-қырлылық" жол белгісі орналастырылған. Ауылдың қос қапталынан кіргендегі жағына қойылған ескерту белгілері елдімекеннен шығатын жүргізушілер үшін қойылмаған. Сондықтан Алғабасқа кірген жүргізушілерге ауылдың басында бір, аяғында бір тежегішке басуды ұмытып кетпеулерін ескертеміз. Көлігіңізді сақтаңыз!

Алғашқы ақпарат

Алғабас ауылына бұрылатын бұрылыстан 14 шақырым қашықтықта Сібе көлдерінің жағасындағы демалыс базалары туралы алғашқы ақпараттық тақта орнатылған. Сондықтан, бұл жерде сәл аялдап, өзіңізге қажетті демалыс базасын анықтап алғаныңыз абзал.

Гүлнар ЕРМЕКҚЫЗЫ