Бұл күні сотталғандар мен айыпталушылар бір серпіліп қалды. Конституция күніне орай ОВ 156/1 мекемесінің акт залында концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шарада жазаларын өтеп отырған азаматтар мен белгілі әншілер ән салды, өлең оқыды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Рас, қоғамда «түрме түзете ме?» деген сұрақ жиі қойылады. Байқағанымыз, ОВ 156/1 мекемесінде тәрбие жұмыстары мықтап қолға алынған. Оны бүгінгі өткізілген концерттен де байқауға болар еді.
Шара басында мекеме басшысы қызметте табанды еңбек еткендерге ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыс етті. Жиналған азаматтарды Конституция күнімен құттықтады.
Концерттік бағдарламаны жүргізген Диас Масалиов пен Серік Сымбат темір торда отырғанымен, «тәртіпке бағынған құл болмас» деген Бауыржан аталарының сөзін ту еткендей бүгінде. Сахна мәдениетін сақтай отырып, ортаға шығып кезегімен әншілерді, өнерпаздарды ортаға шақырумен болды. Сөз саптаулары да жақсы. Ара-арасында өздері де өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, жазасын өтеп отырған Манат Құмановтың «Біздің елдің жігіттері – біздің елдің сырттаны...» орындауындағы әні көпшіліктің көңілінен шықты. Нақышына келтіріп орындағаны үшін бе, әлде сөздері құлақтан кіріп, бойды алды ма, ұзақ қошемет көрсетті.
Сонымен қатар, мерекеге орай белгілі әншілер Апош Сарбаз бен Асқар Ысқақ әннен шашу шашты.
– Конституция күніне орай осындай концерт ұйымдастырдық. Бұл да тәрбиенің бір көзі деп білемін. Сотталушылар мен айыпталушылар жоғары жауапкершілікпен дайындалды. Тіпті сахнаға дейін өздері безендірді. Бәрімізге мерекелік көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға рақмет, – деп мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі Жасұлан Молдаханов алғысын білдірді.
Ескерте кетейік, мерекелік іс-шарада барлық санитарлық талаптар сақталды.