«Жәдел жәрдем» дәрігерлерінің жылдам келіп жетуіне не кедергі?

555
көрілім

Соңғы уақытта редакциямызға қоңырау шалатын оқырмандарымыздың арасында «Жедел жәрдемді» ұзақ күтетіндіктерін айтып шағымданатындар көбейіп кетті. Жақын адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде әр минуттың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Бүгінде «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің қалай жұмыс істейтінін және шақырған жерге қанша уақытта жетуі қажеттігін Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазиз Сүлейменов тарқатып берді.

?«Жедел жәрдем» қызметкерлері шақыруды қабыл алуы үшін қалай сөйлескен дұрыс?

– Жедел медициналық жәрдем станциясындағы диспетчер денсаулық жағдайына қатысты 103 нөміріне хабарласқан барлық адамның қоңырауын қабылдайды. Диспетчердің дұрыс шешім қабылдауы және ауру белгісінің нышандарына байланысты (кардиологиялық, педиатриялық, психиатриялық, гинекологиялық, неврологиялық және т.б.) сізге қажетті бригаданы жіберуі үшін ақпаратты тез әрі нақты беруіңіз керек. Нақты айтсақ, осы мәліметтерді айтуыңыз қажет:

  • науқастың жынысы мен жасы;

  • не болды және қашан;

  • сізді алаңдатқан қандай белгілер, неге «жедел жәрдем» шақыруға шешім қабылдадыңыз;

  • алғашқы көмек көрсету үшін қазір қандай шара қолданылды;

  • науқастың орналасқан мекен-жайы (тез жету үшін қай жолмен жүру керек, есік кодының нөмірі, подъезд және пәтердің қабаты)

?Науқасқа қандай көмек қажеттігін кім және қалай анықтайды?

– Шұғыл медициналық көмек көрсету ережесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 8 қаңтардағы бұйрығымен өзгертілген болатын. 8-тарау – «Жедел медициналық көмек көрсету» тәртібінің тармағына сәйкес, қоңыраудың маңыздылығы 4 санатқа жіктеледі.

Бірінші санат: науқастың өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмек талап етілетін жағдайда. Бригаданың келетін уақыты 10 минутқа дейін. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Актаев бұл санатты былай деп түсіндірді: Мысалы адам түншығып, дем ала алмаса немесе жәндіктің шағуынан қатты реакция алып, жүрек талмасы ұстап қалса бірінші санатқа жатқызылады. Санатты белгілеу диспетчердің міндеті. Науқастың жағдайына байланысты қоңырау маңыздылығының санаты қас қағым сәтте өзгеруі мүмкін. Диспетчер: «дем алып жатыр ма? Температурасы қандай? Есінен айырылып қалды ма?» деп бәрін сұрап білуі қажет.

Екінші санат: науқастың өміріне ықтимал қатер төндіретін, медициналық көмексіз жағдай. Бригаданың келетін уақыты 15 минутқа дейін. Бұған балалардың дене температурасының көтерілуі, айқын көрінген бөртпе ауруы, атипикалық ауру, жүкті әйелдердің бас ауруы жатады.

Үшінші санат: науқастың денсаулығына ықтимал қатер төндіретін, медициналық көмексіз жағдай. Бригаданың келетін уақыты 30 минутқа дейін. Аталмыш санатқа адам денсаулығына елеулі қатер төндіруі мүмкін белгілер: іш ауруы, қансыраусыз оқшауланған жарақат, күйік алу жатқызылады.

Төртінші санат: науқастың жағдайы жіті ауруларының немесе созылмалы ауруларының асқынуымен, кенеттен және айқын көрінген ағзалар мен жүйелердің бұзылуымен көрінетін, науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп жоқ жағдайда. Бригаданың келетін уақыты 60 минутқа дейін.

Бірінші 3 санат жедел медициналық көмек станциясы деңгейінде көрсетіледі, ал 4-інші санат емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелері деңгейінде көрсетіледі, яғни емхана деңгейінде жедел медициналық көмек көрсететін бөлімшелер тәулігіне 24 сағат бойы шақыртуларды қабылдайды. Шұғыл көмек көрсетудің 3 кезеңі арқылы госпитальға дейінгі өлім-жітімді төмендетуге бағытталған. Бұның тиімділіктері:

  • зардап шегушіге алғашқы көмек көрсету бригадасының келуіне дейін жедел медициналық көмек көрсету,

  • жедел жәрдемді фельдшерлік/дәрігерлік бригадалармен көрсету,

  • стационарлардың ауруларды қабылдау бөлмесі деңгейінде медициналық көмек көрсету.

Айта кету керек, алғашқы көмек бригадасының келуіне дейін жедел медициналық көмек медициналық білімі жоқ адамдармен көрсетілуі мүмкін. Олар: полиция қызметкерлері, патрульдік қызмет, білім беру, көлік, өнеркәсіп кәсіпорындарының, әлеуметтік сала және т. б. Осылайша, қоңыраудың маңыздылығын 4 санатқа жіктеп, ресурстарды ұтымды бөлу есебінен науқастар уақытылы және сапалы медициналық көмек алады.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Фотосурет: ашық дереккөз