– Пәтерімді жалға бермекші едім. Салық төлеуде жалға алушылардан алынған ақша түгелімен есепке алына ма? Болмаса оны есептеудің басқа жолдары бар ма? Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пәтерімді жалға бере аламын ба?
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңыз бойынша жауап қатқан ШҚО Мемлекеттік кірістер Департаменті мамандары салық төлеудің жолдарын көрсетіп берді. Ең бастысы, сізге жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда сіз пәтерді жеке тұлға ретінде жалға бересіз. Дегенмен, әр жылы 31 наурызға дейін сіз мемлекеттік органдарға өткен жылға жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырып отыруға міндетті боласыз.
Жеке табыс салығының көлемін өзіңізге де есептеуге болады. Сонымен қатар салық шегерістерінің, яғни сіздің табысыңыздың салық салынбайтын сомасы болатынын естен шығармағаныңыз жөн. Салық шегерістерінің бір жерден түсетін табыстан ғана алынатынына назар аударыңыз. Басқаша айтқанда, егер сіз жұмыс істейтін болсаңыз, ал жұмыс орныңыз сіз үшін жеке табыс салығын төлейтін болса, жалға беретін пәтеріңіздің жал ақысының толық көлеміне жеке табыс салығын төлейсіз. Егер жұмыс істемесеңіз немесе зейнеткер болсаңыз онда пәтеріңізден түсетін жал ақыдан салық шегерімдерін жасауыңыз керек.
Салық шегерімдеріне ең төменгі жалақының мөлшері (2017 жылы ол 24 459 теңгені құрайды), БЖЗҚ аударылатын аударымдар сомасы (егер зейнеткер болмасаңыз), сақтандыру аударымдарының сомасы (егер сіз қандайда бір сақтандыру компаниясында сақтандырылған болсаңыз), Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіндегі ипотека сомасы, медициналық қызметке кететін шығын және алимент жатады.
Барлық шығындар түбіртекпен расталуы қажет. Пәтердің жал ақысынан аталмыш сомалардың барлығын шегергеннен кейін қалған соманың 10 пайызын жеке табыс салығына төлейсіз.
Мысалы: пәтеріңізді айына 80 мың теңгеге жалға бердіңіз делік. Аталмыш сомадан ең төменгі жалақыны алып тастаймыз. 55 541 теңге қалады. Пәтер иесінде Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкінде ипотекалық несиесі бар делік. Ай сайынғы төлемақысы 37 000 теңгені құрайды дейік. 55 541 теңгеден аталмыш соманы алып тастаймыз. Нәтижесінде 18 541 теңге қалады. Аталған сомадан 10 пайыздық салық алынады. Сонда ай сайынғы салықтың мөлшері 1854 теңгені құрайды.