Жерлесіміз Фаина Мейрманова 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында күміс медаль иеленді. Дубайда өткен аламанда биіктікке секіруден жүлде алған спортшыны кеше жақындары мен спортшылар күтіп алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі дода сәуір айының 24-27 аралығында өтті. Құрлықтың 17 елінен таңдаулы атлеттер бақ сынап, солардың арасында Фаина да үздіктер қатарынан көрінді. Өзінің сөзінше, күміс медальға иелік еткен кездегі сезімін айтып жеткізу мүмкін емес.
– Әрине, басында қобалжыдым, көңілде алаң болды. Бапкерлер мен командаластар тарапынан қолдау ерекше сезілді. Тіпті басқа елдің жанкүйерлері де менің тілеуімді тіледі. Жарыстың орта тұсына келгенде жүлдеден тыс қалмайтынымды түсіндім. Айта кетерлік жайт, Дубайдағы додада 1 метр 76 см-ге секіріп, өзімнің жеке рекордымды орнаттым, – деді спортшы.
Фаина жеңіл атлетикамен 6 жылдан бері айналысып келеді. Осы жолы да тыңғылықты дайындықпен барған. Өзінен бөлек, тағы алты спортшы жүлделі орындарды сарапқа салды. Соған қарамастан, бәсеке тартысқа толы болды.
– Негізінде, екі қыз менің басты қарсыласыма айналды. Екеуі де өзбек бұрымдылары. Алғашқы мүмкіндіктерім сәтті орындалған еді. 1 м 70 см межесіне келгенде жоқ жерден босаңсып кеттім. Сосын 1 м 74 см, артынша 1 м 76 см-ді бағындырдым. Өзімнің есебімде, жеке рекордымды үшінші мүмкіндігімде орнатармын деп топшыладым. Бірақ екінші рет жарыс жолына шыққанда меже орындалды, – деді Фаина.
Оның бапкері Богдан Весельскийдің сөзінше, маусым енді басталды, әрі бұл құрлықтық додалардың ішіндегі алғашқысы. Алда ел чемпионаты, сосын әлемдік аламан жалауын көтермек. Қазан айына дейін қатысатын жарыс көп.
– Биіктікке секіру бойынша қазір құрлықта бәсеке айрықша қызып тұр. Азия чемпионатын алсақ, Қазақстан мен Өзбекстан өзгесінен озық шығып жүр. Еліміздегі рекорд – 2 метр. Ал ол нәтижемен Олимпиада ойындарында өнер көрсетуге болады. Бұл жерде білікті бапкер барын, олар өз білімін келесісіне қалдырып кетіп жататынын айта кеткен орынды. Біздің спортшының алдын орап кеткен өзбек спортшысының жеке рекорды – 1 м 80 см. Бірақ ол 19-да, ал Фаина небәрі 17-де. Жан-жақты қолдаудың арқасында аталған спорт түрінің еңсесі көтеріліп келеді, – деді бапкер.
Айта кетейік, ел құрамасы 17 елдің арасында командалық есепте 7-ші орынға тұрақтады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ