Жекпе-жек сарайына Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі беріле ме?

725
көрілім

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың жыл басындағы тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі кезінде тұрғындар тарапынан Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайына белгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімін беру туралы өтініш түскен еді. Аталмыш ұсынысты өңір басшысы құп көріп, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жүргізілетінін де айтқан болатын, алайда кейінгі кезде бұл жөнінде ешқандай шараларда сөз қозғалмай кетті. Білуімше, өңірімізде қазақтың біртуар ұлдарының бірі саналатын алып күш иесі Қажымұқанның есімі дәріптелген бір де бір нысан жоқ. Облыс орталығындағы зәулім сарайға бабамыздың есімі берілсе жақсы-ақ болар еді. Осы мәселенің қандай дәрежеде тұрғанын анықтап берсеңіздер екен.

Қалиахмет З., Өскемен қаласы

Сіздің сұрағыңызға Шығыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жауап берді:

Елге еңбегі сіңбеген, танымал емес тұлғалардың есімдерін объектілерге, көшелерге беру үрдісі белең алуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 28 ақпандағы №17-388-5 тапсырмасына орай әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне, нысандарға кісі есімдерін беруге түбегейлі шектеу қойылды, -дейді ШҚО Денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Кустубаев. – Осыған орай Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайына әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімін беру әзірге мүмкін емес. Ал Шығыс Қазақстан облысының аумағында Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі берілген нысандардың жоқ екенін хабарлаймын.

P.S. Қажымұқан Мұңайтпасовтың еліне еңбегі сіңбеген танымал емес тұлғалардың қатарына жатпайтыны белгілі. Бұлай дейтініміз, алдағы уақытта облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайына аталмыш азаматтың есімін беру жөніндегі оқырман сұрағын құзырлы мекемелер назардан тыс қалдырмай қайта қарайды деген үміттеміз.