Жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға шықпас бұрын тексеруден өте ме?

721
көрілім

Осы жазда бірнеше өскемендіктің қарбыздан, қауын мен көкөністерден уланып қалғандығын естідік. Жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға шықпас бұрын тексеруден өте ме? Алып-сатарлықпен айналысатын кәсіпкерлер оларды қайдан әкеледі? Мұндай тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне кім кепілдік береді?

Өскемен қаласынан тұрақты оқырман

Бұл сауалыңызға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары жауап берді:

– Биылғы жылы бақша дақылдары Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен (Түркістан және Алматы облыстарынан) және Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Күршім аудандарынан әкелінеді. Жалпы, қарбызға 3, қауынға 1 сынама жүргізілген. Нәтижесінде нитрат мөлшері белгіленген нормадан аспайтындығы анықталды. Сонымен қатар 2019 жылдың басынан бері өсімдік шаруашылығының өнімдеріне 456 сынама жасалған. Оның ішіндегі 12-сінде нитрат мөлшері бекітілген нормадан жоғары болып шықты. Бірден сапасы төмен өнімдер жеткізушіге кері қайтарылды.