Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл көктемде басталған «Таза Қазақстан» эколгиялық акциясы аясында облыс бойынша Ұлан ауданы ең көп тазалық жұмыстарын жүргізген екен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тазалық акциясының шеңберінде өткен «Ең таза ауыл» шарасын қортындылап, жеңімпаз ауылға 10 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұған дейін Ұлан ауданы бойынша ішімдіктен бас тартқан Жанұзақ ауылы бұл жолы «Ең таза ауыл» байқауының жеңімпазы атанды.
– Экологиялық акция аясында ауданымыздағы демалыс орындарында, киелі жерлер мен ауылдарда тазалық жұмыстары жүргізіліп, мыңдаған көшеттер отырғызылды. Біз осы акция аясында «Ең таза ауыл» байқауын жариялаған болатынбыз. Бұған дейін ішімдіктен бас тартқан Жанұзақ бұл жолы ауданымыздағы 45 ауылдың ішінен жеңімпаз атанып отыр. Бұл ауылдың халқы өте берекелі, ұйымшыл. Баладан қарияға дейін тазалық жұмысына атсалысып, ауылдың ішін ғана емес, маңындағы су ағарлар мен өзен-көлдерді де тазалады. Жеңімапаз ауылға аудандық мәслихаттың шешімімен 10 млн теңге ақшалай сыйақы тағайындап отырмыз, – дейді Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев.
Тазалық акциясы аясында қоржынға түскен қаржыны ақсақалдар мен әкімшілік өкілдері ақылдаса отырып, алдағы уақытта ауылдың қажетіне жарататындарын айтты.
– Біздің ауыл тұрғындарының берекесі мығым болғандықтан, мерекесі де тарқаған емес. Сонау тоқсаныншы жылдары бүкіл ауылдың адамдары қалаға қарай ағылып, көпшілігі базар жағалап кеткенде бізден ешкім көшпеді. Осылай ауылды аман сақтап қалдық. Бұған дейін ауыл болып ішімдіктен бас тартқан болсақ, енді бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауылымыз жеңімпаз атанып жатыр. Бұл да береке мен бірліктің арқасы, – дейді ауыл ақсақалы Тұрсынбек Сағындықов.
Осылай көшесі де көңілі де таза Жанұзақ ауылы еліміз бойынша өтіп жатқан экологиялық акцияға белсене қатысып, жеңімпаз атанып, өздерін өзгеге өнеге ретінде көрсете білді.