– Қасым Қайсенов кентінің «4 квартал» ауданынан жер телімін алған едік. Алуын алғанымызбен құрылыс жүргізу мүмкін болмай отыр, өйткені тұрғын үй салу үшін әкімдіктің рұқсатын алу керек көрінеді. Құзырлы мекемелердің қызметкерлері осы аймақта жер телімі бар 400 адамның қолы қойылған өтініш жазуларың керек екендігімді айтады. Мұншама адамды қайдан іздеп таппақпыз? Оның үстіне біздің үй салумен, әлде жер иелерін іздеумен басымыз қатуы керек пе? Жергілікті билік өкілдерінің бұл әрекеттері қаншалықты заңды?
Ұлан ауданынан тұрақты оқырман
Сіздің сұрағыңызға Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Роза Мамырбаева жауап берді:
– Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығының 3-тармағы, 1-тармақшасына, Жалпы ережелердің 22-тармақшасына сәйкес құрылыс жобаларын іске асыру жер учаскесіне құқық алу, бастапқы материалдарды алу, эскиздік жобаны келісу, құрылыс жобаларын жобалау және сараптау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру, салынған нысанды қабылдау және пайдалануға беру сияқты кезеңдерде іске асырылады, – дейді Роза Ұзаққызы. – Қасым Қайсенов кентінің төртінші кезектегі құрылыс кварталының бас жоспарына түзету енгізілуіне байланысты, берілген жер телімдерінің сызбасын жер пайдаланушылармен, яғни 400-ден астам жер иесімен бекіту үшін келісім жүргізілуде. Алайда бекітілген сызбаларға ары қарай жерге орналастыру жобасын жасату үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ШҚО бойынша филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті барлық жер иелерінің қолының қойылуын талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта 4-ші кезектегі құрылыс кварталында адамдардың өз еріктерімен бес тұрғын үй салып жатқанын айтқан аудан әкімінің орынбасары аталмыш ауданды ауызсумен және электр желілерімен жабдықтау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын алға тартты.
– Нақтырақ айтсақ, электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы 2016 жылдың қараша айында басталған. Құрылыстың жалпы сомасы 362,894 миллион теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда бас мердігері «НКО» ЖШС болып табылатын электр желілерін тарту жұмыстарының аяқталуы 2017 жылдың қазан айына жоспарланған. Ал 2016 жылдың тамыз айында басталған ауызсумен жабдықтау желілерінің құрылысы 2017 жылдың тамыз айында аяқталады деген жоспар бар. Бас мердігері «Терезе» ЖШС болып келетін бұл жұмыстарға бюджеттен 213,524 миллион теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесінің құқық құжаттарымен құрылыс жобасын әзірлеуге бастапқы материалдарды алу үшін Ұлан аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жүгіну қажет, — дейді Роза Мамырбаева.