Жер телімін бөлуде көбіне қандай заңсыздықтар орын алады

360
көрілім

Жер телімін азаматтарға бөлу тетігін қайта қарастыру керек. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте Тергеу департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның сөзіне қарағанда, қылмыстық статистика бойынша жер қатынастары саласында жемқорлық құқық бұзушылықтарының артқанын байқатып отыр. Осы орайда 2018 жылдағы алты айда 82 оқиға болса, 2019 жылдағы жарты жылда 109 жайт тіркелген.

- Аталған қылмыстық істер бойынша күдікті ретінде 76 адам танылды, ал 2018 жылы 56 болған еді. Оның ішінде сотқа 54 қылмыстық іс бағытталып, 15 адам сотталды. Бұл қылмыстар бойынша келтірілген шығын көлемі 810 млн теңгені құрап, бүгінде 783 млн теңгесі өтелді, - деді Бекайдаров.

Бұл тұрғыда жер телімін бөлу мен оның нысаналы мақсатын өзгерту кезінде көбіне пара алу, алаяқтық және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану сияқты әрекеттер анықталады.

- Жер телімін беруде ақпаратқа қолжетімдіктің шектеулі болуы, рәсімдерінің ашық еместігі бұл салада сыбайлас жемқорлықтың таралуына ықпал етуге жағдай жасайды. Осыған дейін жер телімін азаматтарға бөлу тетігін қайта қарастыру, сондай-ақ жер учаскесі бойынша ақпаратты жасырғаны үшін лауазым иелерін әкімшілік жауапкершілігін қатаңдату ұсынылған болатын, - деді ол.