Жетім көрсең жебей жүр

946
көрілім

«Әкемнің қайтып келмейтініне көзім толық жеткенде, асқар тауымның құлағанын, соңынан түйе қарап кете барған анамның оралмайтынын жүрегім сезгенде, мына кең дүние маған тар болды. Қос жанарымның бірі анамды, бірі әкемді көруші еді. Қазір соқыр адамдаймын. Екеуі қос қанатым болған екен, құстай ұшып жүріппін. Жарықтықтардың қарайып жүргендері аяғымды жерге тигізбепті. Ал бүгін көзінен айырылған, қанаттары қырқылған, жүні жұлынған құстай жүрегім діріл қағады. Мына өмірдің қатал тынысын, мысқылын байқайм деген өкінішке толы зарлы мұңды немесе дүние есігінен аша сала жетім атанған қызыл шақа баланың жылаған ащы дауысын естіген жан бар ма? Бәз біреулер бастан өткермеген соң жетімдікті түсіну қиын дейді. Түсіну әлде сезіну қажет пе? Сонда жетімдікті түсіну үшін оны бастан өткеру керек пе? Біле білгенге, адамзат тағдырындағы сынақтың ең ауыры, жоныңды қарып өтетін, жүрегіңді терісінен сыпырып түсіретін суық сынақ – ол жетімдік. Олар - қорғансыз көздер, азынаған жүректер, қаралы күйлер. Зары түнде, мұңы күніге сарқырап ағып жататын, әке мен ананың қадірін ерте түсінген жаны жаралы жандар.

Балиғат жасына жетпей анасы тірі болса да әкесіз қалған перзент жетім үкіміне енеді. Ата - бабамыз мұндай тағдырды «Жетімнің жары - Құдай» деп Аллаға табыстап «сағыр» деп те атаған. Сол сияқты, «латым» деп шешесі өлген ботаны не болмаса өгей анасынан шапалақ жеген баланы айтады. Ал екеуінен де айырылған баланы «тұл жетім» дейді. Кезінде жаугершілігі мол аласапыран заманда өздері ажал құшса да, соңынан ерген тұяғын төңкерілген қара қазан астына жасырып, ұрпағын өрбіткен ел едік. Қазір мына тыныш заманда, сәбиін табанасты етіп көше бойына, көрінген шарбақтарға дорбаға салып іліп кете беретін, өз перзентінен өзі қашып жүретін жұртқа айналғандаймыз. Өкініштісі, сол әлеуметтік жетімдердің әке-аналары қаннен-қаперсіз қара жерді тайраңдай басқан, бойларында қандары тасыған, жүректері жалындап соққан пенделер.

Жетім сөзінің түп мағынасы - жалғыздық. Ал жалғыздықты даналарымыз Құдайға ғана жарастырған. Жетімдер туралы Құран Кәрімнің он жеті жерінде тікелей айтылса, ишаратпен айтылған аяттар одан да көп. Жерде жетім жыласа көкте періште күңіренеді. Жетім бағылған үй мен мешіттің қасиеті бірдей ұлы ұя мекендер!

Бірде ғұлама Абдулла ибн Мүбарак қажылық сапарға шығып елді - мекенге жете түстенеді. Ымырт кезінде бөгде бір әйелдің арам қатқан құстың өлексесін алып бара жатқанын көріп, оны тоқтатады. Мұсылманға өлексе жеуге болмайтындығын оған айтқан кезде әлгі әйел басындағы қиын жағдайынан мынадай хабар берді:

- Төрт кішкентай жетімектерім бар. Әкелері дүниеден озған. Перзенттеріме қарайласатын, болысатын адам таба алмадым. Балаларым болса аш. Арам өлсе де, мен үшін адал болар деп балаларыма осы өлексені апара жатырмын, - дейді. Сонда Абдулла ибн Мүбарак жанындағы қажылыққа шыққан барша қауыммен бірге еліне кері қайтып, қаражатының дерлігін сол жетімдерге үлестіреді. Сол күннің түнінде қайыр істі жасағандардың барлығы өздерін қажылықта жүргендей түстер көреді. Бұл олардың қажылық ниеттерінің қабыл болғандығының нышаны еді.

Мұсылманды Жаратқанның ұлы рақымына әрі мәңгілік жәннатқа жетелейтін амалдар қатарындағы шынайы иман, ата-анаға құрмет, жетімге қамқорлық, мешітке байлану, құранмен сырласу, намаз-оразамен орайласу, ағайын-бауырдың ынтымағымен ерекшеленеді. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өзі әкесінен екі айында жетім, алты жасында анадан латым қалған.

Батыс елдердің біріндегі Жетімдер үйінде екі жүз баланың дерлігі маусымды ауруларға шалдығып, жиі ауыратын көрінеді. Олардың ішіндегі жалғыз түйір бір жетімектің ғана еш жері ауырмайды екен. Бұл ғажайыпқа аң - таң болған тәрбиешілер мұның мәнісін түсінбейді. Ал оның себебі мынада, ол жетімді егде жастағы бір тәрбиеші үнемі яғни күніне үш реттен құшағына қысып, басынан сипап отырған. Осылайша мейірімділіктің құдіретімен бала барша сырқат аурудан аулақ болғандығы дәлелденген.

Қандай да бір елдің рухани даму көрсеткіші жетімдерге қамқорлық көрсетуімен өседі. Аллаға шүкір, еліміздің иманды азаматтары, қауқарлы кәсіпкерлері жетімдер үйіне жиі-жиі бас сұғады. Тіпті жетімдерді үйлеріне алып, әке мен ананың қамқорлығын көрсетіп бағуда, асырап алушылар да көбеюде. Алайда бұл қадамның өзіндік шариғаттық шеңбері бар. Мәселен мемлекет тарапынан жетім балаға бөлінетін тиесілі қаражат тек сол балаға ғана жұмсалуы парыз. Оның бір тиыны орынсыз ысырап болмауы керек. Әрі өз перзенттерімен тең яки олардан жоғары қою, жақсы көру талап етіледі. Себебі тиісті тәрбие беріп, дүниесін сақтап, оны арттырып, қатарын көбейтіп, есейгенде өзіне қайтару жәннеттің даңғыл жолына апаратын ұлы сауап! Сонымен бірге, екі жарым жасқа дейінгі жетім сәбиді асыраушы әйел өз үйіне алғанда, өзі немесе туған әпке-сіңлілерінің омырау сүтін кем дегенде бір рет болсын ішкіздіруі тиіс. Сонда ғана махрам туыстық қатынас орнап, бір-біріне деген жылылық күшейіп, адалдық орнайды.

Жетім туралы теріс сөз сөйлеуге мүлдем болмайды. Әсіресе ел ішіне таралған мақал мен теңеу сөздерді айтудың өзі күнә болады. Жетім бағып, келбеті май орнына қанға оралса да, ол туралы айту түптің түбінде сол адамның өзіне жақсы болмайды. Жетімге жасаған қиянаты сол адамның дүниесі мен қияметіне азап әкеледі. Тіптен, сол қиянатын алдына келтіруі үшін яки оны пәниде көруі үшін Алла Тағала ол адамның ғұмырын ұзартып, бәрібір сол қиянатын алдына келтірмей қоймайды. Тегінде «Жетімнің босағасы алтын болса да, дүниесі арам» деген нақыл осыдан шыққан. Яғни жетімнің дүниесіне ешқашан қол сұғуға болмайды. Тіпті, тарихта (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өзі жетім баланы мойнына көтеріп, түйе болғаны анық.

Мемлекетімізбен Жетімдер үйі қамқорлыққа алынған, қорғалған, әлеуметтік сақтандырылған. Алайда әке мен ана мейірімін бере алмайды. Әкенің орнын тек қана әке, ананың орнын тек ана ғана баса алады. Бүгінде ортамызда тастанды балалар мен тірі жетімдер көп. Ең налытатыны, Алла алдындағы міндетті болған, сол жетімектерге тиесілі төлемақыны (алименті) төлемей, сырттап қашып жүрген көкек азаматтар намыссыз тірі өліктердің күйін кешіп жүргенін өздері білмей жүр. Бұл істері үшін Алла алдында қатты жауабы бар.

Тарихы терең еліміз жесірін жылатпай, жетімін телміртпей, бауырға басып өрбіткен. Тек біздің халқымызға ғана тиесілі әмеңгерліктің даналығы осында болар. Дегенмен, бір жетімін күлдіріп, қырық періштені қуантып, жеті шелпегін таратқан елімізде жетімнің көз моншағы жерге түспей, ана баурайы мен әке алақанында өсе берсін деп тілейік. Жетімдер мекендеген үйді қоғамның бір үйіндісі ретінде көңілімізден оқшауламайық. Ол жерге анда-санда емес, жиі-жиі бас сұғайық. Бастарынан сипап, құшағымызға алып, тас маңдайларын жібітейік. Көздеріндегі мұңды, көңілдеріндегі қайғыны сейілтейік, жетім жүректерін парақтайық ағайын.

Нұрлан қажы Байжігітұлы

Дінтанушы имам