Жетісулық құсбегі Бозанбай ауылында өткен бүркітшілер фестиваліне 20 мың доллар тұратын сұңқарын әкелді

4990
көрілім

Өңірдегі Бозанбай ауылында өткен «Шығыс салбурыны – 2023» халықаралық бүркітшілер фестиваліне биыл бес елдің құсбегілері келіп қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан атымтайлардың бірі Мұхтар Тойбазаровтың сөзінше, биылғы бәсекеге 400-дей турист келді. Одан бөлек, өз көлігімен тағы 400 адам шараны тамашалауға жеткен. Биыл үшінші рет өтті. Қазақстанның әр аймағынан бөлек, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Ресейден атізін салды. Тісқаққандары бар, бапкерімен бірлесе тәжірибе жинақтап келгендері бар. Солардың бірі – Жетісу облысынан келген Иван Лавров. Сұңқарының салмағы әрі кеткенде 750 грамм тартады. Ал сатып алған құсы әсте арзан емес.
«Өзім Текелі қаласының тумасымын. Бұл екінші жарысым, айналысып жүргеніме бір жылға жуықтады. Бастапқыда қаршығамен қатыстым. Қызығушылық қайдан пайда болды деген сауал түсіп жатады. Гитарада шебер ойнайтын бір танысымның ағасы бар. Қаршыға ұстайды екен. Бірде үйлеріне барып, қанаттыны қалай бағатынын көрдім. Жай-жапсарын сұрап, арада бір ай өткенде құсбегілікті қолға алдым», – деді ол.
Иванды қатты қызықтырған жайттың бірі – құспен аңға шығу. Оған дейін күніне екі-үш сағат дайындық жүргізеді. Тек қана етпен қоректендіреді. Сұңқар мен қаршығаның режимі  – күнделікті 250 грамм ет. Жаттығу, аңшылық немесе жарыс кезінде қолына қондыра алмау қиын сәттердің бірі екенін айтты.
«Алғашқы күндері үш күн ұйықтамадым. Әркез жанында жүріп, мінез-құлқына бой үйретесің. Өзі де адамға бауыр басады. Қолға үйренген соң бірнеше метрге ұшырып көремін. Арақашықтық күн сайын ұлғайып отырады. Қолға үйренген соң кептерге саламыз. Ол меже бағынған соң қоянға түседі. Түлкіге шамасы жетпейді. Қырғауыл, қоян, дала үйрегін алады», – деді құсбегі.
Десе де аңшылық кезінде жағдай өзгеріп шыға келеді. Қаршығамен сол қоян, қырғауылды алса, серіктерімен бірлесе, қорқау мен түлкіні қанжығаға басты.
Иван қазір Текелі қаласындағы кәсіби колледжінде электрик мамандығы бойынша 3-курста білім алып жатыр. Бозанбайдағы фестивальге алып келген «Жебе» атты сұңқарын 20 мың долларға сатып алғанын айтты. Кірпияз, сезімтал. Қазір екі жаста. Ал нәтижесі жарыс сайын жақсарып келе жатқан көрінеді.
Моңғолиядан келген бүркітшілердің сөзінше, қаршығаның көзін жабуға болмайды. Бір күн томағамен тұрса, ертеңінде адамнан шошып қалады. Олар да қаршыға мен сұңқардың бабы қиын екенін жеткізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ