Жеткізуде мәселе жоқ

379
көрілім

Әлеуметтік көмір жеткізуде теміржол тасымалы тоқтаусыз жұмыс істеуде

Өңіріміздің елді мекендеріне көмір жеткізуде теміржол қатынасы мәселе тудырған емес. Тіпті теміржол желісі жоқ Күршім, Катонқарағай аудандарына да көмірді Бұқтырма кенті арқылы су көліктерімен жеткізілуде. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ - Шығыс Қазақстан бөлімшесінің директоры Мағауя Оразқұлов мәлімдеді.

- Кұз маусымы орнасымен біздің жұмыста ең жауапты кезеңдер басталады, - дейді Мағауя Амантайұлы. - Бұл бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар жүк саналатын - көмір, астық және ұн өнімдерін тасымалдау. Бұл жүктерді тасымалдау Қазақстан теміржолының еншісінде. Біз биылғы қыс маусымына дайындықты алдағы сәуір айынан бастадық.

Облыс әкімдігінде мамыр айында өткен кеңесте өткен жылы орын алған кемшіліктер қарастырылып, биылғы жылға бірқатар міндеттер қойылғанын алға тартқан жауапты тұлға алдағы қыс маусымына көмір жеткізу жаз айларының басында басталғанын алға тартты.

- Биылғы жылы көмір тасымалының көлемін екі есеге арттырдық, - деп қосты ол. - Сондай-ақ Бұқтырма станциясына жеткізілетін тұрмыстық көмірдің көлемі артты. Ол жерден көмір Күршім және Катонқарағай аудандарының тұрғындарына су көлігі арқылы жеткізілуде. Бүгінде облыс бойынша жүк түсіретін 23 станция ашылған. Біздің тарапымыздан еш кедергісіз жіберілген вагондар теміржол тұйықтарында бірнеше күн тұрып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл көп жағдайда астық және ұн өнімдерін түсіріп, тиеуде мәселе туындатып жатады. Оның үстіне демалыс күндері элеваторлар жұмыс істемейді.

Оның бұл сөзін "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ ШҚО филиалы директорының логистика бойынша орынбасары Талғат Зияданов та қостады.

- Теміржол тасымалы күндіз-түні жұмыс істейді, ал ветеринарлық және кеден қызметтері тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істейді. Осы ретте қажетті қызметтердің күндіз-түні жұмыс істеп тұратын бірыңғай терезелерін құру қажет сияқты, - деп қосты ол.

Биылғы жылы астық түсімінің жақсы болуына орай оны тасымалдау да арта түскен. Тек өткен қазан айының өзінде ғана өңірлік филиал 32 мың тонна астықты тасымалдаған. Оның үстіне жергілікті кәсіпкерлердің шетелдік әріптестермен сауда-саттықты жолға қоюы биылғы жылы Ауғанстан, Тәжікстан, Моңғолия мен Иран сияқты елдерге жөнелтілетін астықтың көлемін ұлғайтқан.

Айсұлтан АЗАМАТ