Жігер Зәкіров: Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, ел күресінің дамитыны сөзсіз

577
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Өскеменде өткен еркін және грек-рим күресінен жолдастық кездесуде жарқын белдесу көрсеткен алматылық спортшы Данияр Қайсановпен болған күресті қорытындылап, спорттық «Ұлы дала батырлары» шарасының маңызын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қос палуан бір-бірін бұрыннан таниды. Спорт-интернатта да, колледжде де бірге оқып, содан бері жақын дос. 2018 жылы 74 келіге дейінгі салмақта ел чемпионатының шешуші сынында жолығып, сол кезде Қайсанов мықтылығын көрсеткен.
– Иә, сол кездесуде ұтылғам. Шымкент қаласында өткен додада Данияр үздік шығып, ары қарай Азия ойындарына жол тартты. Ол сында да тамаша күресіп, күміс медальмен оралды. Сонда бұл екінші белдесуіміз. Бұл жерде Данияр Қайсановтың салмағы аздау болып, мен өзіме ыңғайлы 79 келіге дейінгі салмақта мүмкіндігімді байқадым. Соған қарамастан белдесуге келісіп, көпшілік алдында жолымыз түйісті. Осы үшін де оған алғысымды білдіремін. Әдіс жағынан, болмаса шеберлік жағынан асып тұрмын деп айта алмаймын. Қарайласпыз. Тек салмақ жағы мен физикалық тұрғыда басымдығым байқалды деуге болатын шығар. Не дегенмен деңгейі жоғары, Олимпиада ойындарында медаль алатын палуан деп ойлаймын. Оқу-жаттығу кезінде бірге дайындаламыз, осылай жанталаса белдесіп те кетеміз. Жеңіс екі жаққа алма-кезек бұйырады. Осы жолы мен таразыда 81, Данияр 78 келіні көрсетті. Күресте екі-үш келінің өзі айтарлықтай рөл ойнайды. Басында мен де 74 келіге дейінгі салмақта күрестім, 79 келі салмаққа ауысқаныма үш жылдай болды. Өзіме ыңғайлы, салмақ түсірмеймін. Оған қоса, күш те сақталады. Егер соңғы күшімді салып, 74 келіге түсірсем, қандай белдесу боларын айта алмаймын (жымиып). Онда Данияр жеңуі мүмкін. Ал жалпы, екеуіміз де спорттық бабымызға енсек, белдесу барысы басқаша өрбуі ғажап емес. Менің салмағымда Ғалымжан Өсербаев деген ағамыз мықты болды. Еліміздің бес дүркін чемпионы. Сыралғы қарсыласым. Ел чемпионатының финалында бірнеше мәрте жолықтық. Есеп 2:3, оның пайдасында. Дегенмен тәжірибелі палуан қазір күреспейді, бапкерлік қызметте. Соған орай есепті теңестірудің сәті түспеді (жымиып). Жалпы, өзім 17 жылдай еркін күреспен айналысып келемін. Спорт-интернатқа 2004 жылы түстім. Ал жолдастық кездесуге келсем, ұйымдастырушылар жарады. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, ел күресінің дамитыны сөзсіз. Мұндай форматта күрескен өте қызық екен. Далада, Ертіс жағасында бозкілемге шыққаннан болар, бойыңды ерекше сезімге бөлейді. Бейне бір, Әлем чемпионатының финалында белдескендейміз. Барымызды салып, халыққа күрестің әдемілігін көрсетуге тырыстық. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне, шараның басы-қасында жүрген Ербол ағамызға мың да бір рахмет. Жандос Сайханов, Марат Мұзапаров және тағы басқа ағаларымыз күреске үнемі қолдау білдіріп жүреді. Өзімнің ойымша, осы сияқты сайыстар жылына екі-үш рет өтсе, екі циклдан кейін Әлем, Олимпиада ойындарының чемпиондары төбе көрсетеді. Себебі, бұған да шабан әзірлікпен ешкім келмейді, көпшілік алдында лайықты күрес көрсетуге асығады әрбірі, – деді Жігер.
Әділхан ЕСІМХАНОВ